Саясат

Иран Ормуз бұғазы арқылы алғашқы транзиттік табыс түскенін мәлімдеді

Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден алынған транзиттік төлемдерден алғашқы табыс түскенін хабарлады.

Фото: AP Photo / Altaf Qadri

Иран парламенті төрағасының орынбасары Хамид Реза Хаджибабаи бұл қаражат елдің Орталық банкінің шотына түскенін мәлімдеді.

Tasnim агенттігінің дерегінше, Хаджибабаи АҚШ тарапынан қысым мен қауіп жалғаса берсе, бұғаз ашылмайтынын атап өткен.

Оның айтуынша, Иранның ұстанымы келіссөз жүргізу емес, өз құқықтарын талап етуге негізделген.

«Иран халқының талабы – Ормуз бұғазы Иранға тиесілі болуы керек және одан өтетін барлық кемелер ұлттық валюта – риалмен салық төлеуі тиіс», – деді ол.

Хаджибабаи бұғаздың стратегиялық маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы және табиғи газдың 35 пайызы осы бағыт арқылы өтеді.

«Ормуз бұғазын бақылау – Иранның халықаралық экономикадағы рөлін білдіреді. Біз бұл бұғазды бақылауда ұстап отырмыз, ал транзиттік төлемдерден алғашқы табыс Орталық банк шотына түсті», – деді ол.

Алайда шенеунік нақты қай кемелерден және қандай мерзімде төлем алынғанын нақтыламады.

Еске салсақ, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін басталған қақтығыс барысында Тегеран Ормуз бұғазын жапқан болатын.

Сондай-ақ Иран парламенті бұғаз арқылы өтетін кемелерден төлем алу туралы заң жобасын әзірлеп жатқаны хабарланған. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі парламент комитетінің төрағасы Ибрахим Азизидің айтуынша, құжатта төлемді иран риалымен алу ұсынылған.

Сайт Әкімшілігі