Иран Ормуз бұғазын қайта жапты: АҚШ-пен текетірес күшейді
Иран билігі Ормуз бұғазын қайтадан шектегенін мәлімдеді. Тегеран бұл шешімді АҚШ-тың ирандық порттарға енгізген теңіз блокадасына жауап ретінде түсіндіріп отыр.
Ормуз арқылы өтетін қозғалыс енді қатаң бақылауға алынған. Иран Қарулы күштері бұғаз «толық бақылауда» екенін айтып, шектеулер АҚШ өз блокадасын тоқтатпайынша күшінде қалатынын жеткізді.
Иранның мәлімдеуінше, бұғаз арқылы өту үшін бірнеше талап енгізілген. Азаматтық кемелер тек Иран белгілеген бағытпен жүруі тиіс. Барлық қозғалыс алдын ала келісіліп, әскери кемелердің өтуіне тыйым салынады. Сонымен қатар, кеме қатынасы тек әскери қақтығыстар тоқтаған кезеңде ғана мүмкін болады.
Бұған дейін Иран бұғазды уақытша ашқан болатын. Осы жаңалықтан кейін әлемдік нарықта мұнай бағасы шамамен 10 пайызға төмендеп, АҚШ қор индекстері өскен еді. Алайда көп ұзамай жағдай қайта ушығып отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Иран порттарына қысымды тоқтатпайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, блокада Тегеран АҚШ-пен келісімге келмейінше, соның ішінде ядролық бағдарлама бойынша шарттарды қабылдамайынша жалғасады.
Ормуз бұғазы – әлемдік энергетика үшін стратегиялық маңызы бар негізгі дәліздердің бірі. Әскери қақтығысқа дейін бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнайдың 15–20 пайызы және сұйытылған газдың үштен бірі тасымалданады.
Еске сала кетейік, Иран бұғазды алғаш рет 2026 жылдың наурыз айында жапқан болатын. Бұл шешім АҚШ пен Израильдің Иран аумағындағы нысандарға әуе соққыларын жасағаннан кейін қабылданған еді. Сол кезде әлемдік нарықта энергия тасымалдаушылар бағасы күрт өскен.
Қазіргі таңда бұғаздағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Сарапшылар теңіздегі миналар қаупі жоғары екенін, ал толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін екенін ескертеді.
Тараптар арасындағы келіссөздер әзірге нәтиже бермеді. Исламабадта өткен кездесулерден кейін АҚШ пен Иран бір-бірін талаптарды тым қатайтып жіберді деп айыптаған. Осыған байланысты Ормуз бұғазы айналасындағы шиеленіс жақын уақытта бәсеңдей қоймайды деген болжам бар.