Әлеумет

Иран Ормуз бұғазын жапқанын мәлімдеді

АҚШ әскері 12 шілдеге қараған түні Ирандағы нысандарға осы аптадағы үшінші мәрте әуе соққыларын жасады.

Фото: Getty images

 Бұл Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеп, Кипр туы астындағы контейнерлік кемеге шабуыл жасағанынан кейін жүзеге асты.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, Galaxy контейнерлік кемесіне жасалған шабуыл салдарынан экипаждың бір мүшесі із-түзсіз жоғалып, кемеде өрт шығып, қозғалтқыш бөлімі қатты зақымданған. Вашингтонның мәлімдеуінше, Иранға жасалған соққылардың мақсаты – Тегеранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін азаматтық және коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсірету.

Пентагон басшысы Пит Хегсет: «Иран қате таңдау жасады. Енді соның құнын төлеп жатыр», – деп мәлімдеді.

АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, соққылар Иранның әуе және теңіз бақылау жүйелеріне, зымырандар мен дрондар қоймаларына, ұшыру алаңдарына және әуе қорғанысы кешендеріне бағытталған.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары елдің оңтүстігінде жарылыстар болғанын хабарлады. Ал Иран өз кезегінде АҚШ-пен байланысты әскери нысандарға шабуыл жасағанын мәлімдеді. Жарылыстар Иордания, Оман және Катарда тіркелген. Катарда құлаған сынықтардан үш адам жараланған.

Сонымен қатар ИРСК Ормуз бұғазының белгісіз мерзімге жабылғанын ресми түрде жариялады.

«Ормуз бұғазы келесі хабарламаға дейін және АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанша жабық болады. Бірде-бір кеме өткізілмейді», – делінген ИРСК мәлімдемесінде.

Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оманда келіссөздер өткізген болатын. Онда Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы мәселесі талқыланғанымен, тараптар ешқандай келісімге келе алмады.

Жаңа әскери шиеленіс АҚШ пен Иран арасында маусым айының ортасында жасалған атысты тоқтату туралы келісім мен өзара түсіністік меморандумының болашағына тағы да күмән туғызды.

Сайт Әкімшілігі