Әлеумет

Иран Ормуз бұғазын қашан ашуы мүмкін екенін айтты

Иран АҚШ-қа Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын бір аптадан кейін қайта жандандырып, ұзақ мерзімді бейбіт келісім жөніндегі келіссөздерге оралуды ұсынды.

Фото: Getty images

Бұл туралы британдық The Financial Times (FT)  жазды.

Иран делдалдар арқылы АҚШ-қа бірқатар шарт орындалған жағдайда Ормуз бұғазын жеті күннен кейін ашуды көздейтін жоспар ұсынған.

Бұл туралы Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясы аясында мәлімдеді.

"Біз делдалдар арқылы АҚШ-қа белгілі бір шарттар орындалған жағдайда бұғаз жеті күннен кейін ашылатын жоспар ұсындық", – деді ол.

Иранның IRNA агенттігінің хабарлауынша, бұл бастама маусым айында әзірленген өзара түсіністік туралы меморандумға негізделген.

Тегеран мен Вашингтон өкілдерінің келіссөзі Нью-Йоркте Қатардың делдалдығымен өтті. Екі тарап та кездесуді конструктивті деп бағалаған. Алайда FT мәліметінше, ирандық өкілдер жеке әңгімелерде АҚШ-тың келісімдерді орындауға дайын екеніне күмән келтірген.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, АҚШ бұрынғы меморандумға қайта оралудан бас тартып, Ормуз бұғазындағы жағдайды ғана емес, Иранның ядролық бағдарламасын да қамтитын кең ауқымды келісім жасауды ұсынған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ормуз бұғазы