Әлеумет

Иран Парсы шығанағы елдеріне шабуыл жасады

АҚШ-тың Иранға жасаған жаңа соққыларынан кейін Тегеран Парсы шығанағындағы бірқатар елдер мен Иорданияға шабуыл жасады. Сондай-ақ Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазындағы екінші кемеге соққы жасағанын мәлімдеді.

Фото: WANA/REUTERS

АҚШ-тың Ирандағы нысандарға жасаған кезекті шабуылынан кейін 12 шілдеге қараған түні Вашингтонның Парсы шығанағындағы бірнеше одақтас елінде әуе дабылы жарияланды.

Бахрейнде дабыл сиреналары қосылып, Ішкі істер министрлігі тұрғындарды сабыр сақтап, қауіпсіз жерге жасырынуға шақырды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері зымырандар мен дрондардың шабуылын тойтарып жатқанын мәлімдеді. Ел тұрғындарына зымыран соққысы қаупі туралы ескерту жасалды.

Катар билігі X әлеуметтік желісінде жағдайдың өте күрделі екенін хабарлап, тұрғындарды үйлерінен шықпауға, терезелер мен ашық алаңдардан алыс болуға үндеді.

Катар астанасы Дохада AFP агенттігінің журналистері жарылыстардың дауысын естіп, қала үстінде зымырандардың әуеде жойылғанын көрген. Тұрғындардың телефондарына қауіпсіз жерде қалу туралы хабарламалар жіберілген. Кейін Катар Қорғаныс министрлігі зымыран шабуылының тойтарылғанын мәлімдеді.

ИРСК АҚШ базаларына соққы жасағанын мәлімдеді

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы баллистикалық зымырандармен Катардағы АҚШ-тың Әл-Удейд әуе базасына соққы жасап, жойғыш ұшақтарға қызмет көрсету орталығы мен командалық пунктті қиратқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Тегеран АҚШ авианосецтері пайдаланатын нысан деп сипаттаған Омандағы Дукм портына да соққы жасалғанын хабарлады.

Бұдан бөлек, ИРСК Иорданиядағы Принц Хасан әуе базасының «маңызды әскери инфрақұрылымына» шабуыл жасап, командалық пункт пен MQ-9 ұшқышсыз аппараттарына арналған ангарларды жойғанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпарат әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.

Иран тарапы соңғы тәулікте Ормуз бұғазында екінші кемені істен шығарғанын да хабарлады.

АҚШ Иранға үшінші мәрте соққы жасады

Өткен түні АҚШ әскері бір апта ішіндегі Иранға қарсы үшінші ірі соққысын жасады.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, шамамен 140 әскери нысан жойылған. Олардың қатарында зымыран және дрон ұшыру орындары, әскери-теңіз күштерінің нысандары, оқ-дәрі қоймалары, байланыс тораптары мен жағалау күзеті бекеттері бар.

Бұл шабуыл КСИР-дің Ормуз бұғазындағы кемеге жасаған шабуылынан кейін жүзеге асырылды.

АҚШ пен Иран арасындағы бітім бұзылды

17 маусымда АҚШ пен Иран әскери қимылдарды тоқтату және стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруді көздейтін рамалық келісімге қол қойған болатын.

Алайда 25 маусымда Иран дрон-камикадзе арқылы Ормуз бұғазындағы азаматтық танкерге шабуыл жасап, келесі күні АҚШ жауап ретінде Иран аумағына соққы жасады. Содан бері мұндай шабуылдар бірнеше рет қайталанып, Иранның оқ жаудыруынан көршілес Бахрейн мен Кувейт те зардап шекті.

Әр жолы АҚШ әскері Ирандағы тек әскери нысандарға, соның ішінде радиолокациялық станциялар мен зымыран және дрон қоймаларына соққы бергенін мәлімдеді.

8 шілдеде НАТО-ның Анкарадағы саммитінде сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумның күшін жойғанын айтты. Ол Иран басшыларын «зұлым әрі науқас адамдар» деп атап, олармен келіссөз жүргізуді «уақытты босқа жоғалту» деп бағалады. Осыдан кейін АҚШ Иранға қарсы мұнай санкцияларын қайта енгізді.

11 шілдеде Reuters агенттігі Иран шенеуніктері АҚШ-пен өткен жабық келіссөздерде Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған жаңа шабуылдар үшін «бақылаудан тыс қалған күштерді» кінәлағанын хабарлады.

Сайт Әкімшілігі