Иран Парсы шығанағындағы нысандарға зымырандар мен дрондармен шабуыл жасады: АҚШ жауап соққысын берді
Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісті. АҚШ Қарулы күштері Иранның Парсы шығанағындағы кемелер мен көршілес араб мемлекеттеріне бағыттап ұшырған дрондары мен баллистикалық зымырандарын қағып түсіргенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде америкалық авиация Иран аумағына соққы жасаған.
Бұл туралы BBC АҚШ Орталық қолбасшылығына (CENTCOM) сілтеме жасап хабарлады.
Америкалық әскери күштердің мәліметінше, «өзін-өзі қорғау» мақсатында жасалған жауап соққысы стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазындағы Кешм аралында орналасқан ирандық әскери басқару пунктіне бағытталған. Нысан толық жойылған.
Иран қандай шабуылдар жасады?
АҚШ мәліметіне сәйкес:
Иран Кувейт бағытына екі баллистикалық зымыран ұшырған, алайда олар нысанаға жетпей әуеде жойылған;
Бахрейнге қарай ұшырылған үш зымыран әуе қорғаныс жүйелері арқылы атып түсірілген;
Азаматтық сауда кемелеріне шабуыл жасауға әрекеттенген үш әскери дронды АҚШ күштері жойған.
Ал Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) өз мәлімдемесінде зымырандар мен дрондардың аймақтағы америкалық әскери базалар мен тікұшақтарға сәтті соққы бергенін хабарлады.
Тегеран бұл әрекетін АҚШ күштерінің Кешм аралының оңтүстігіндегі байланыс мұнарасын жоюына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді.
Ормуз бұғазындағы текетірес
Қақтығыстың күшеюі соңғы үш айдан бері жалғасып келе жатқан көлік блокадасымен байланысты.
Иран Ормуз бұғазын АҚШ пен Израильдің одақтастары үшін толық жауып тастаған. Бұған жауап ретінде АҚШ 13 сәуірден бастап Иран порттарына бет алған барлық кемелерге қарсы ұқсас блокада енгізген.
Қазіргі шабуылдарға дейін CENTCOM америкалық әскери күштердің Hellfire зымыранымен бос тұрған M/T Lexie танкерінің қозғалтқыш бөлігін атқылаған сәтін жариялаған болатын. Танкер Ботсвана туымен жүзіп, Иранның Харк мұнай аралына бағыт алған.
– Кеме АҚШ әскери-теңіз күштерінің қозғалысты тоқтату жөніндегі бірнеше мәрте ескертуін елемеді, – деп мәлімдеді АҚШ қолбасшылығы.
Бұл оқиғаға қатысты Иран әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Жүзден астам кеме бағытын өзгертті
Пентагонның мәліметінше, америкалық блокада енгізілгеннен бері Ормуз бұғазында алты сауда кемесі істен шығарылған.
Сонымен қатар 122 азаматтық кеме тоқтатылып, басқа бағыттармен жүруге мәжбүр болған.
Аймақта атысты тоқтату жөніндегі келіссөздер соңғы күндері толық тұйыққа тірелгені айтылып отыр.