Сараптама

Иран президенті АҚШ-пен келіссөзге не кедергі екенін айтты

Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастауға не кедергі болып отырғанын түсіндіріп, диалогты жандандыру шарттарын атады.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы 26 сәуір, жексенбі күні Press TV хабарлады.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифмен телефон арқылы сөйлескен Пезешкиан Иран қысым, қорқыту немесе блокада жағдайында келіссөз жүргізбейтінін тағы да қайталады.

Оның айтуынша, АҚШ тарапынан жасалып отырған қысым мен дұшпандық әрекеттер тоқтамайынша, өзара сенімді қалпына келтіру және келіссөздерде ілгерілеу қиын.

«Біз АҚШ-қа алдымен кедергілерді, соның ішінде теңіз блокадасын жоюды ұсынамыз. Сонда ғана диалогты қайта бастауға және мәселелерді реттеуге мүмкіндік туады», – деді Иран президенті.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде америкалық делегацияның Исламабадқа сапары тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Оның пікірінше, Иран басшылығында ішкі келіспеушіліктер бар және нақты шешім қабылдайтын тұлға анық емес.

Сонымен қатар, Трамп Иран кез келген уақытта келіссөздерді қайта бастау үшін байланысқа шыға алатынын атап өтті.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары елдің сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Пәкістанға жасаған сапарын «нәтижелі» деп бағалағанын хабарлады. Оның сөзінше, Тегеран өз ұстанымын жеткізген, енді АҚШ-тың дипломатиялық реттеуге қаншалықты шынайы дайын екені анықталуы тиіс.

Кейіннен Трамп АҚШ Ираннан жаңа ұсыныс алғанын, бұл америкалық делегация сапары тоқтатылғаннан кейін болғанын айтты.

Сайт Әкімшілігі