Саясат

Иранда Әли Хаменейді ақтық сапарға шығару рәсіміне Ермек Көшербаев қатысып жатыр

Иран астанасы Тегеранда биыл ақпан айында қаза тапқан Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменейді ақтық сапарға шығару рәсімі басталды.

Фото: AFP via Getty Images

Аятолламен қоштасуға әлемнің 100-ге жуық мемлекетінің делегациялары келді.

Иран Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, аза тұту шаралары Тегерандағы Мосалла діни кешенінде басталған. Қазақстан атынан рәсімге Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысуда. Сапар аясында ол Иранның сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен кездесу өткізді.

Қоштасу рәсімі бір аптаға жуық уақытқа созылады. 4–6 шілде аралығында аза тұту шаралары Тегеранда өтеді. Кейін Әли Хаменейдің мәйіті Құм қаласына, одан әрі шииттер үшін қасиетті Нәжаф пен Кербела қалаларына жеткізіледі. Оны 9 шілдеде туған қаласы Мешхедте, Имам Реза кесенесі аумағында жерлеу жоспарланған.

Иранның Азаматтық авиация ұйымының басшысы Хоссейн Пурфарзане жерлеу күні Тегеран әуе кеңістігі толық жабылып, барлық азаматтық әуе рейстері тоқтатылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Тегеран рәсімге қатысатын қонақтардың тізіміне қатаң шектеу енгізген. Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Бағаидің айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларын қолдаған мемлекеттерге шақырту жіберілмеген. Бұған қоса, Иран әскери басшылығы аза тұту күндері қандай да бір арандатушылық жасалған жағдайда Вашингтон мен Тель-Авивке қатаң жауап берілетінін ескертті.

Әли Хаменей дәуірі және қазасы

Әли Хаменей 1989 жылдан бері Иранның Жоғарғы көшбасшысы қызметін атқарып, елдің екінші рухани жетекшісі болды. Ол 36 жыл бойы Иранның саяси және діни өмірінде шешуші рөл атқарып, қорғаныс пен сыртқы саясатты айқындады, сондай-ақ қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы болды.

Еске салсақ, Әли Хаменей 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегерандағы нысандарға жасаған әуе шабуылдары кезінде қаза тапты. Оның өлімі Таяу Шығыстағы жағдайды күрделендіріп, Ирандағы билік ауысуына алып келді. Наурыз айының басында елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысы болып оның ұлы Моджтаба Хаменей сайланған болатын.

Сайт Әкімшілігі