Ирандағы он бірінші түн: Вашингтон мен Тегеран текетіресі неге апарып соғады?
АҚШ Иран аумағына қатарынан он бір түн әуе соққысын жасады. Тегеран да қарап қалған жоқ, Парсы шығанағындағы америкалық базалар орналасқан елдерге зымыран мен дрон жіберіп, Ормуз бұғазындағы кемелерге қысымды күшейтті.
Вашингтон келіссөзден нәтиже көрмей отырғанын мәлімдесе, Пәкістан бітімді қайта тірілтуге тырысып жатыр. Екі елдің Швейцариядағы кездесуі, бітім туралы құжаттар әзірге Вашингтон мен Тегеранға келісімге келуге жеткіліксіз болып отыр.
Бітім неге соғысқа ұласты?
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы биылғы соғысы 28 ақпанда басталды. Алғашқы соққылардан Иранның жоғарғы басшысы Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды тұлға қаза тапты. Тегеран Израильге және Таяу Шығыстағы америкалық нысандарға жауап қайтарып, Ормуз бұғазын басты қысым құралына айналдырды. 7 сәуірде уақытша бітім жасалғанымен, ол екі жақты толық татуластырған жоқ. 17 маусымда қол қойылған аралық келісім тараптарға түпкілікті мәміле әзірлеу үшін 60 күн берді. АҚШ Иран мұнайына салынған санкцияларды уақытша жеңілдетуге, ал Тегеран жоғары деңгейде байытылған уран қорын сұйылтуға тиіс болды. 1 шілдеде Дохада өткен жанама келіссөздерден кейін делдалдар ілгерілеу барын айтқан.
Бірақ келісімнің ең әлсіз тұсы – Ормуз бұғазының мәртебесі еді. Иран бұл су жолын өзінің қауіпсіздік белдеуі әрі соғыстағы негізгі кепілдігі санайды. АҚШ оны халықаралық теңіз дәлізі деп танып, кемелердің еркін жүруін талап етеді. 2 шілдеде Иран барлық танкер өзі бекіткен бағытпен жүруге тиіс екенін, бағынбағандарға күш қолданылатынын ескертті. Бұл талап іс жүзінде бұғаздағы ережені Тегеран белгілейді деген сөз еді.
7 шілдеде бұғазда үш кемеге шабуыл жасалды. Вашингтон бұған Иранды кінәлап, ондаған әскери нысанды атқылады және мұнай санкцияларын қайта енгізді. 8 шілдеде Дональд Трамп бітімнің «аяқталғанын» мәлімдегенімен, келіссөздің жалғасуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Яғни дипломатия ресми түрде өлген жоқ, бірақ оның әскери әрекетті тежейтін күші қалмады. Осы кезеңнен кейін шабуылдар күн сайын қайталана берді.
11 шілдеде соғыс өрті кенеттен қайтадан тұтанды. Тағы бір коммерциялық кеме шабуылға ұшырағаннан кейін АҚШ бір түнде Иранның шамамен 140 әскери нысанын әуеден соқты. Зымыран және дрон алаңдары, оқ-дәрі қоймалары, байланыс желілері, жағалауды бақылау жүйелері мен әскери-теңіз инфрақұрылымы нысанаға алынды. CENTCOM үш соққы легінде 300-ден астам нысан зақымдалғанын мәлімдеді.
13-14 шілдеде Вашингтон Иран порттарына теңіз блокадасын қайта енгізді. Соққы аумағы да кеңейді, жағалаудағы зымыран кешендерімен қатар командалық орталықтар, әуе қорғанысы, көпірлер, жолдар, әуежайлар және энергия нысандарына жақын инфрақұрылым атқыланды. Иран бұған Бахрейн, Кувейт, Қатар және Иорданиядағы америкалық күштер орналасқан нысандарға зымыран және дрон ұшырумен жауап берді.
Тегеран қақтығысты ұзақ уақыт жалғастыра ала ма?
Күштердің ара салмағын салыстырғанда Иран АҚШ-пен тең дәрежеде соғыса алмайды. Америкалық авиация, барлау, спутниктік бақылау, суасты және суүсті флоты, дәлдігі жоғары қаруы әлдеқайда қуатты. Иранның әуе қорғанысы, әскери авиациясы, теңіз күштері мен зымыран өндірісіне ақпаннан бері ауыр соққы берілді. Вашингтонның негізгі артықшылығы – Иран ішкі аумағындағы нысандарды күн сайын соғып, өзі құрлықтағы кең көлемді шайқасқа кірмей-ақ қоя алады.
Бірақ соғыс тек кімнің ұшағы көп деген есеппен шешілмейді. Иранның күші – асимметриялық жауапта. Оның қолында таратып орналастырылған қысқа және орта қашықтықтағы зымырандар, арзан соққы дрондары, теңіз миналары, жағалаудағы қанатты зымырандар, шағын жылдам катерлер және аймақтағы одақтас қарулы топтар бар. Мұндай құралдардың бәрін бір мезетте толық жою қиын. Әсіресе арзан дронның әрқайсысына қымбат әуе қорғаныс зымыранын жұмсату Тегеранға ұзақ соғыста тиімді айырбас береді.
Шілдедегі жауап соққылары Иранның командалық жүйесі әлсірегенімен, істен шықпағанын көрсетті. Тегеран Бахрейн, Кувейт, Қатар, Иордания және Ирактағы америкалық әскери инфрақұрылымды нысанаға алды. 18 шілдедегі Иорданиядағы базаға соққы америкалық әскер арасында адам шығынына әкелді. 22 шілдеде Иран әскері Кувейт, Иордания және Бахрейндегі базаларға дрон жібергенін мәлімдеді. Бұл мәліметтердің бәрін тәуелсіз тексеру мүмкін емес, бірақ АҚШ-тың қаза тапқан әскери қызметшілер туралы растауы Иран шабуылдарының тек насихаттық сипатта емес екенін аңғартады. Ақпаннан бергі соғыста қаза тапқан америкалық әскер саны 18-ге жеткені айтылды, жараланғандар саны 400-ден асқан.
Иранның екінші қаруы – география. Ормуз бұғазының ең тар тұсы небәрі бірнеше ондаған шақырым. Үлкен әскери кемелер мен танкерлер тар дәлізде минаға, дронға, жағалаудан атылатын зымыранға осал келеді. АҚШ бұғазды толық ашу үшін әуе соққысымен шектелмей, миналарды үздіксіз тазалауға, кемелерді алып жүруге, жағалау нысандарын бақылауға және порттарды оқшаулауға тиіс.
Үшінші мүмкіндік – соғысты географиялық тұрғыдан кеңейту. Иранға жақын хуситтер Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялап, Қызыл теңіздегі Баб әл-Мандеб бағытына қауіп төндірді. Ормуз жабық немесе қауіпті болса, Сауд Арабиясы мұнайының бір бөлігін Қызыл теңіз жағалауына құбырмен шығара алады. Ал хуситтер сол балама жолды да бұзса, әлемдік нарық бір мезетте екі энергетикалық күретамырдан айырылады. Бұл Иранның әскери әлсіздігін жаһандық экономикалық қысыммен өтеу тәсілі.
Дегенмен Тегеранның ресурсы шексіз емес. Зымыран ұшыру қондырғылары, дәлдігі жоғары оқ-дәрі, радарлар мен байланыс жүйелері күн сайын жойылып жатыр. Өндіріс орындары, жолдар, көпірлер және электр желілері зақымданған сайын қаруды жасырын жерден шығару мен майданға жеткізу қиындайды. Иран дрон соғысын зымыран соғысына қарағанда ұзақ жалғастыра алады, өйткені дрон арзанырақ әрі өндірісі жеңіл. Бірақ соққы қарқынын алғашқы кезеңдегідей жоғары деңгейде айлар бойы ұстап тұруы күмәнді.
Тегеран апталар, тіпті белгілі бір қарқынмен бірнеше ай бойы жауап қайтара алады. Алайда уақыт ұзарған сайын оның шабуыл қуаты төмендеп, соғыс тәсілі тікелей соққыдан мина, дрон, теңіз диверсиясы және одақтас топтардың әрекетіне қарай ауыса береді.
АҚШ-тың Ирандағы соғыс шығыны қанша болды?
АҚШ Қорғаныс министрлігі Иранға қарсы әскери операцияларға жұмсалған шығынның 37,5 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Сенаттың қаржы бөлу комитетіндегі тыңдау барысында айтты. Оның мәліметінше, мамыр айының ортасында бұл шығын шамамен 29 миллиард доллар деп бағаланған болатын.
Пит Хегсет Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейнмен бірге Конгресті қыркүйек айының соңына дейін әскери операцияларды қаржыландыру үшін қосымша 67 миллиард доллар бөлуді жедел мақұлдауға шақырды. Олардың айтуынша, бұл қаражат шұғыл қажет. Сонымен бірге сұралған қаржыға Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларын қалпына келтіру шығындары кірмейді.
Алайда Пентагонның қосымша қаржы сұрауын екі партия өкілдері де сынға алды. Демократ сенатор Джинн Шахин Қорғаныс министрлігінің бұған дейін бөлінген 75 миллиард долларды әлі толық пайдаланбағанын еске салып, жаңа қаржы сұраудың себебін түсіндіруді талап етті. Ал Пит Хегсет бұл қаражаттың президент Дональд Трамп әкімшілігінің басқа басым жобаларына, соның ішінде Golden Dome for America зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін дамытуға, гипердыбыстық қару әзірлеуге және өзге де қорғаныс бағдарламаларына бағытталғанын айтты.
Республикашыл сенатор Джон Кеннеди Конгреске ашық әрі нақты жауаптар қажет екенін айтып, АҚШ Ормуз бұғазынан әскерін шығарған жағдайда қандай қауіптер туындауы мүмкін екенін сұрады. Бірақ Пит Хегсет пен генерал Дэн Кейн Иранның мұндай жағдайда бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы енгізуі мүмкін бе деген сауалға нақты жауап берген жоқ.
Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы: АҚШ Ормузды бақылауға алу үшін Харг пен Ғешм аралын көздейді
– Бітімнің уақытша екенін, соғыс қайта басталуы мүмкін екенін бұған дейінгі пікірімде айтқанмын. Енді мұның соңы үлкен соғысқа ұласуы мүмкін. Қазіргі қауіпті сценарий мынау: АҚШ-тың әрекетіне қарасақ, олар Иранның ықпалындағы Харг және Ғешм аралдарын өз бақылауына алатын сияқты. Бұл екі аралды Ақ үй алса, Тегеранның сыртқа мұнай шығаруы тоқтайды. Харг аралы арқылы Иран мұнайын экспорттаса, Ғешм арқылы Ормузды бақылайды. Кейінгі 11 күндегі АҚШ Мешхед, Тегеран сияқты ішкі қалалардағы бірнеше негізгі нысандарды ғана атқылады, негізінен Ормуз бұғазын бақылап отырған әскери нысандарға шабуылдап жатыр. Соған қарағанда, келіссөз болмайтын сияқты, мүмкін болып та қалар, бірақ бірін-бірі оқтын-оқтын атқылап отыратын қақтығыс жалғасатын сияқты. Алдағы уақытта АҚШ Ормузды бақылауына алу үшін парсы шығанағындағы Иран күштерін талқандауға күш салады. АҚШ Харг пен Ғешм аралына жаяу әскер түсіруі де мүмкін.
Ал Тегеран АҚШ-тың шабуылына әлі 1-2 жыл шыдай алады. Себебі Иран бұл соғысқа 30 жылға жуық дайындалды. Сондықтан жерастындағы баллистикалық зымырандары, жасырын әскери нысандары әлі де бар деп ойлаймын. Қазір өткендегі 60 күндік қақтығыстағыдай емес, Иран Иордания мен Кувейтті атқылай бастады. Басқа араб елдеріне тиіскен жоқ.
Соғысқа алда Израиль араласуы мүмкін. Араб елдері бұл соғысқа кірмейді. Өйткені 60 күндік соғыс кезінде олар қатты зардап шекті. Оның үстіне Пәкістан «Иран Сауд Арабиясына соққы жасаса, ол бізге соққы деп есептейміз» деп мәлімдеді. Ал Иран Пәкістанмен арақатынасын бұзуға, олармен соғысуға мүдделі емес.
Ал Қытай мен Ресей де бұл соғысқа тікелей араласпайды. Өткендегі 60 күндік қақтығыста олар БҰҰ-ға наразылығын білдіріп, айыптап қана отырды. Ресей – өз басымен қайғы. Қытайдың қару жеткізді дегені дәлелденбеді. Сондықтан алдағы уақытта да Ресей мен Қытай СІМ деңгейінде, БҰҰ мінберінен айыптауы мүмкін. Алайда ашық қолдамайды. Бұл жағынан Қытай ғана зардап шегуі мүмкін. Өйткені Иранның негізгі мұнайын сатып алатын ел – Қытай. Сол себепті мұнай бағасы көтерілсе, Қытай АҚШ-пен келісімге келуі мүмкін.
«Соғыс Иран халқын билікке қарсы қоя ма?» деген сұраққа келсек, 60 күндік соғыста халық, керісінше, билік маңына топтасты. Қазір Ирандағы жағдай жақсы емес. Инфляция шарықтап барады. Доллар бағамы 191 млн 930 мың риалға жетті. Қымбатшылық қатты, өткен соғыста көптеген зауыт қирады. Иранның сыртқа шығып отырған тауарлары тоқтады. АҚШ теңіз блокадасын енгізгелі тіпті тауарларын экспорттай алмай қалды. Бұл экономикаға ауыр соққы болды. Сондықтан алдағы уақытта халықтың билікке наразылығы қайта күшейеді. Өткенде келісімге келеміз дегенде жалпы халықтық қолдау болған. Ал ультраконсерваторлар қарсы шықты. Енді шеру болмау үшін президент Масуд Пезешкиан мен Багер Галибаф бірігіп, ультраконсерваторларға қарсы әрекет етіп жатыр. Бір тарапта Пезешкиандар, екінші тарапта Жалилилер күресуде. Оның үстіне, жақында ИРСК басшысы Бахиди осы қиын жағдайды түсіне отырып, Пезешкиандар жағына ойысып барады деген әңгіме тарады. Бұл Ирандағы жағдайдың қиын екенін көрсетеді.
Ресей мен Қытай Иранға әскери немесе саяси қолдау көрсете ала ма?
Бұл соғыс Ресей мен Қытайдың рөлін автоматты түрде күшейтпейді. Керісінше, ол екі мемлекеттің Иранмен «стратегиялық серіктестігінің» шекарасын ашып көрсетті. Мәскеу де, Бейжің де АҚШ пен Израильдің соққыларын сынап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жинауды талап етті. Бірақ Иранға тікелей әскери араша түскен жоқ.
Ресейдің Иранға көмектесуге бірнеше себебі бар. Мәскеу мен Тегеран Украинадағы соғыстан бері әскери ынтымақтастығын күшейтті. Ресей Ираннан дрондар мен басқа қару түрлерін алды, ал Иранға оқу-жаттығу ұшақтарын, тікұшақтар мен әскери техника жеткізді. Бірақ Мәскеудің мүмкіндігі мен мүддесі екі бөлек. Ресейдің заманауи әуе қорғанысы, зымыраны және авиациясы Украина майданына қажет. Иранға көп көлемде С-400 жүйесін немесе ұшақ беру өзінің соғыс қабілетін әлсіретеді. Оның үстіне Ресей АҚШ-пен тікелей қақтығысқа барғысы келмейді. Мәскеуге Иранның толық жеңілісі де, Вашингтонмен толық татуласуы да тиімсіз. Ең қолайлысы – Иранды Ресейге тәуелді ететін, мұнай бағасын жоғары ұстайтын, АҚШ назарын Украинадан бұратын ұзақ, бірақ бақылаудан шықпаған дағдарыс. Мұндай есеп Иранға «жеңіске жеткізетін» көмек емес, соғысты көтеруге жететін шектеулі қолдау беруге итермелейді.
Қытайдың ұстанымы бұдан да сақ. Бейжің Иран мұнайының негізгі сатып алушыларының бірі және Тегеранмен ұзақ мерзімді стратегиялық келісімі бар. Бірақ Қытай үшін Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа шығанақ елдерімен сауда көлемі мен инвестициялық байланыс та аса маңызды. Иранды ашық қаруландыру Қытайдың осы мемлекеттермен қатынасына, энергия қауіпсіздігіне және АҚШ-пен сауда келіссөзіне соққы болар еді.
Қытайдың сыртқы саясатында АҚШ секілді одақтасына әскери кепілдік беру дәстүрі жоқ. Ол Иранға дипломатиялық мінбер, мұнай нарығы, кейбір технология мен санкцияны айналып өтетін экономикалық мүмкіндік ұсына алады. Бітім келіссөзінде делдалдыққа да араласуы ықтимал. Бірақ Қытай әскері Иран жағында соғысады немесе АҚШ күштеріне қарсы тікелей қару қолданады деуге негіз аз. Бейжің үшін ең тиімді жол – соғыстың жауапкершілігін мойнына алмай, дағдарыстан кейінгі экономикалық ықпалын күшейту.
Иран бір ту айналасына топтаса ма?
Ақ үйдің тынымсыз соққысы Тегеранның ішкі әлеуетін әлсіретуі мүмкін, бірақ қоғамның билікке қатынасын бірден өзгерте алмайды. Иранда осы екі процесс қатар жүріп жатыр. Иә, АҚШ шабуылдары Иран мемлекетінің нақты мүмкіндігін кемітті. Жоғарғы басшы Әли Хаменеи мен жоғары әскери-саяси басшылық өкілдерінің қаза болуы жүйеге ауыр соққы болды. Жаңа жоғарғы басшы Можтаба Хаменеи жараланған, көпшілік алдына шыққан жоқ. Командалық орталықтар, байланыс желілері, әуе қорғанысы, зымыран және дрон өндірісі, порттар мен логистика талқандалып жатыр. Электр, су, жол және өндіріс инфрақұрылымының бүлінуі мемлекеттің халыққа қызмет көрсету қабілетін төмендетеді. Алайда сыртқы шабуыл билікке бұрын болмаған саяси мүмкіндік береді. Соғысқа дейін билікті жемқорлық, инфляция, жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік немесе еркіндікті шектеу үшін сынаған азаматтардың өзі шетелдік шабуыл кезінде елдің тұтастығын қорғауды бірінші орынға қоюы мүмкін. Саясаттануда мұны «ту айналасына топтасу» әсері деп атайды. Сыртқы қысым Ирандағы бұрынғы наразылықтарды уақытша бәсеңдетіп, қоғам назарын ішкі мәселеден ұлттық қауіпсіздікке бұрғаны айтылады.
Әли Хаменеиді жерлеу рәсімдері осыны көрсетті. Билік оны тек діни-саяси көшбасшымен қоштасу емес, «сыртқы жауға қарсы ұлттық қарсылық» көрінісіне айналдырды. АҚШ соққылары жалғасқан сайын Ислам революциясы сақшылар корпусы мен қатаң бағытты жақтайтын топтардың уәжі күшейеді. Олар «келіссөз нәтиже бермеді, елді тек қару қорғайды» дейді. Бұл президент Масуд Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастаған келіссөзшіл топтың саяси кеңістігін тарылтады.
Тұрсынбек БАШАР
.