Ирандағы соғыс қайта ушықты: АҚШ соққысынан әскерилер мен бейбіт тұрғындар қаза тапты
Иранға қарсы әскери іс-қимыл қайта басталғанына үшінші күн болғанда АҚШ Иран аумағындағы бірқатар әскери нысанға жаңа соққы жасағанын мәлімдеді.
Нысанаға Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) әуе қорғанысы жүйелері, радарлар, теңіз инфрақұрылымы мен байланыс нысандары алынған. Иран тарапы шабуылдардан әскерилермен қатар бейбіт тұрғындар да қаза тапқанын хабарлады.
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, америкалық әскер ИРСК-ка тиесілі әуе шабуылына қарсы қорғаныс позицияларына, радиолокациялық жүйелерге, теңіздегі нысандарға, мина қою құралдары мен байланыс инфрақұрылымына соққы жасаған.
CENTCOM бұл операцияларды ИРСК-тың Ормуз бұғазындағы азаматтық кемелерге және америкалық әскери қызметкерлерге шабуыл жасау әрекеттеріне жауап деп түсіндірді. АҚШ қолбасшылығының мәліметінше, қазір Таяу Шығыста 50 мыңнан астам америкалық әскери қызметкер операцияларға қатысып жатыр.
Axios басылымы дереккөзге сілтеме жасап, бұған дейін Иран аумағындағы 100-ге жуық нысанаға шабуыл жасалғанын жазды. Олардың қатарында әуе қорғанысы жүйелері, радарлар, теңіз нысандары, мина қою құралдары және байланыс инфрақұрылымы бар.
Иран БАҚ-тары: кемінде 7 әскери және 11 бейбіт тұрғын қаза тапты
SNN ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иранның батысына жасалған америкалық соққылардан ИРСК-тың төрт қызметкері қаза тапқан. Олар елдің Әуе-ғарыш күштерінің құрамында болған.
Mehr агенттігі АҚШ армиясының Лаван аралына жасаған шабуылынан жергілікті әскерилендірілген жасақтың тағы үш мүшесі қаза болғанын хабарлады.
Америкалық күштердің кезекті соққыларынан кейін Иран Хузестан және Хормозган провинцияларында тағы жеті адамның қаза тапқанын мәлімдеді.
Хузестанда Ахваз және Ағаджари қалалары маңындағы зымыран соққыларынан сегіз адам жараланған. Бұған дейін ирандық БАҚ Ормуз бұғазы орналасқан Хормозган провинциясында үйлену тойы кезінде төрт бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлаған.
Осылайша, ирандық ақпарат құралдарының деректері бойынша, АҚШ шабуылдарынан кемінде 7 әскери қызметкер мен 11 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Иран төрт елдегі АҚШ әскери нысандарына соққы жасады
АҚШ-тың 2 қыркүйектегі шабуылдарына жауап ретінде Иран Кувейт, Ирак, Иордания және Бахрейн аумағындағы америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді.
ИРСК мәліметінше, зымырандар мен дрондар Кувейттегі авиабазада орналасқан штаб пен қолбасшы резиденциясына, сондай-ақ дрондар сақталатын ангар мен оларды ұшыратын алаңдарға бағытталған. Иран тарапы бірнеше дронның жойылғанын да мәлімдеді.
Кувейт қарулы күштері бұған дейін елдің әуе қорғанысы дрондар мен зымырандар шабуылын тойтарып жатқанын хабарлаған. Жергілікті биліктің мәліметінше, дрон шабуылы кезінде Кувейт қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққан. Өрт сөндіріліп, тұрғындар арасында зардап шеккендер болмаған.
Сол күні Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан екі танкер теңізге қойылған миналарға соғылған. Ирандық Press TV арнасының ИРСК-қа сілтеме жасап хабарлауынша, жарылыстан кейін кемелерде өрт шығып, олар басқарудан айырылған.
Иран тарапы танкерлер АҚШ-тың нұсқауларын орындап, Тегеран белгілеген бағытпен емес, өзге маршрутпен қозғалғанын мәлімдеді.
Соғысты реттеу жөніндегі келіссөздерде ілгерілеу жоқ
АҚШ қарулы күштері шілденің соңынан бері Иранға соққы жасамаған еді. АҚШ президенті Дональд Трамп мұны Тегеранмен Ормуз бұғазының мәртебесі, санкциялар және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді жалғастыру ниетімен түсіндірген.
Бір айға жуық үзілістен кейін АҚШ армиясы 30 тамызда Ормуз бұғазындағы Ларек аралында орналасқан Иранның екі зымыран қондырғысына соққы жасады.
Бұған жауап ретінде Тегеран Біріккен Араб Әмірліктеріндегі америкалық нысандарға шабуыл жасағанын мәлімдеді. Иран тарапы ондаған дрон БАӘ-дегі Әл-Минхад базасындағы америкалық тікұшақтар мен әскери қызметкерлер орналасқан нысандарға соққы жасағанын хабарлады.
Әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысындағы негізгі даулы аймақтардың біріне айналды. Ақпан айының соңында әскери қимылдар басталғанға дейін бұғаз кеме қатынасы үшін ашық болған. Қазір Ормуз бұғазын бақылауда ұстап отырғанын Иран да, АҚШ та мәлімдеп отыр.