Әлеумет

Иранның жоғарғы жетекшісі байытылған уранды елден шығаруға тыйым салды

Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи елдегі жоғары деңгейде байытылған уран қорын шетелге шығармау туралы нұсқау берген.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Reuters агенттігі екі жоғары лауазымды ирандық дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, бұл шешім Тегеранның ядролық келіссөздердегі ұстанымын одан әрі қатаңдатқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл Дональд Трамп әкімшілігімен жүргізіліп жатқан бейбіт келіссөздерді күрделендіруі мүмкін.

Reuters сөйлескен израильдік шенеуніктердің айтуынша, Трамп Израильге Ирандағы жоғары деңгейде байытылған уран елден міндетті түрде шығарылатынына уәде берген. Израиль тарапы кез келген бейбіт келісімде осы талап болуы керек деп есептейді.

Батыс елдері, соның ішінде АҚШ пен Израиль Иранды көп жылдан бері ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп айыптап келеді. Бұған басты себептердің бірі — Иранның уранды 60 пайызға дейін байытуы. Бұл көрсеткіш азаматтық мақсаттар үшін қажет деңгейден әлдеқайда жоғары және ядролық қару жасауға қажетті 90 пайыздық межеге жақын саналады.

Ал Тегеран ядролық қару жасау ниеті бар екенін жоққа шығарып отыр.

Ирандық дереккөздердің мәліметінше, Тегеранда Вашингтон қазіргі уақытша бітімді тек тактикалық құрал ретінде пайдаланып, кейін қайта шабуылға көшуі мүмкін деген күдік күшейген.

Иран парламентінің спикері әрі бас келіссөз жүргізуші Мұхаммад Бақыр Ғалибаф та «жаудың ашық және жасырын әрекеттері» АҚШ-тың жаңа шабуылдарға дайындалып жатқанын көрсететінін айтқан.

Ал Трамп сәрсенбі күні Иран бейбіт келісімге келіспесе, АҚШ жаңа соққылар жасауға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен бірге ол Вашингтон «дұрыс жауап алу үшін» бірнеше күн күте алатынын да айтқан.

Reuters дерегіне сәйкес, соғысқа дейін Иран 60 пайызға дейін байытылған уран қорының жартысын елден шығаруға дайын болған. Алайда Трамптың бірнеше мәрте әскери соққымен қорқытуынан кейін Тегеран өз ұстанымын өзгерткен.

Сонымен қатар мәселені шешудің «практикалық формулалары» да бар екені айтылуда. Соның бірі — байытылған уранды Халықаралық атом энергиясы агенттігі бақылауымен қайта сұйылту нұсқасы.

МАГАТЭ есептеулеріне сәйкес, 2025 жылдың маусымында Иранның ядролық нысандарына соққы жасалған кезде елде 60 пайызға дейін байытылған 440,9 килограмм уран болған. Қазір оның қанша бөлігі сақталғаны белгісіз.

Иран билігі жоғары деңгейде байытылған уранның бір бөлігі медициналық мақсаттар мен Тегерандағы зерттеу реакторы үшін қажет екенін айтып отыр.

Бұған дейін Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи байытылған уран қорын Ресейге шығару мәселесі бойынша Мәскеумен алдын ала консультациялар жүргізілгенін растаған еді.

Сайт Әкімшілігі