Ірі шаруашылықтар мен агрофирмалардың мәселесін жедел шешу керек
Бірі шешіліп, енді бірі көлеңкеде қалмасын.Еліміздегі карантинге байланысты, көктемгі егіс жұмысына кедергілер болғаны жасырын емес, соған байланысты фермерлердің жан айқайы естілді, тез арада бұл проблема шешілді.
Бәрекелді. Бірі шешілді, енді оның аржағында қосарланып тұрған проблемалар тағы бар, олар ірі шаруашылықтар-серіктестіктер, кооперативтер, агрофирмалар, олар қалай шығады есістікке, қандай құжатпен?Тағы бір мәселе бұл омарташылар. Егіс еккенмен, бау-бақша гулдегенмен егер олар арамен тозаңданбаса өнім бермейді.Республикада 16 мың омарташылар қозғала алмай отыр. Олардың жазбаған жері жоқ, мұны түсінетін адам жоқ. Өйткені білімдері таяз сияқты. Енді еске салайын осыдан 80 жыл бұрын Альберт Эйнштейн: егер жер бетіндегі аралар түгел жойылса, төрт жыл ішінде адамзаттың да өмірі тоқталады деген екен. Әлемде короновирустан адамдар түгел қырылып жатқан жоқ, ал аралар жойылса бүкіл адам қырылады. Сондықтан құрметті шенеуніктер, адамды жұқпалы індеттен арашалаймыз деп жүріп, жер бетіндегі адамзаттың қырылуына жол салып жатқандарыңызды ескерткім келеді.Ауыл шаруашылығының министрі Сапархан Омаровты танымаймын, бірақ біздегі БАҚ оны инициативасы жоқ, әйтеуір отырған адам деген пікір қалыптастырған болатын. Жақында бір телеканалда оның сұхбатын тыңдадым, ауыл шаруашылық өнімдерінің сыртқа шығуына тосқауыл қойып жатқаны туралы айтты, сонда ғана түсіндім министрге шабуылдың қайдан шығып жатқанын. Шамасы экспорттық саясатты қолдап жүргендердің аяқтан шалу әдісі болса керек. Ал сыртқа ел ырзығын шығармаймын, әрбір қазақстандықтың дастарханын толтырамын деген министрді біз қолдаймыз.
Министр Сапархан мырзаға ендігі айтайын дегенім, ара шаруашылығын өркендетіп отырған мыңдаған омарташыларға араша тусу, олардың егіс маңына, бал жинайтын жерлерге баруларына жол ашу. Облыс, қала, аудан әкімдеріне хат жазып, жол посттарында жасыл коридормен «Бал-ара» керуіендерінің ветеринарлық паспортпен кедергісіз қаладан далаға, бір облыстан екінші облысқа жүрулеріне жағдай жасау. Ара деген құранда бар асыл жәндік екен, сауабы тиер!
Атамұрат ШӘМЕНОВ
Экономика ғылымының докторы, профессор