Қоғам

IRIS тұрғын үй кешені төңірегіндегі дау: 28 отбасы қалай алданды?

Алматыдағы IRIS тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған 28 отбасы алаяқтық схемасының құрбанына айналғанын айтып, көмек сұрады. Олар бірнеше жыл бұрын толық құнын төлеп, осы тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алады. Тұрғындар пәтердің кілті қолдарына тиген бойда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныстанып та үлгереді. Алайда құтты қонысымызға айналады деп отырған пәтерлерінің үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, екінші деңгейлі банктің кепіл мүлкіне айналғанын естігенде, қуаныштарының көпке созылмағанын түсінеді. Енді үлескерлер бұл жағдайға қатысты құрылыс компаниясын ғана емес, несие рәсімдеуге қатысқан банк қызметкерлерінің әрекетін де тексеру керек деп есептейді.

Фото: Жас Алаш

Үлескерлер 2021 жылдан бастап Алматы қаласының Қарағайлы ықшам ауданында салына бастаған IRIS тұрғын үй кешенінен алдын ала сатып алу-сату шарттары негізінде пәтер сатып алған. Барлық мәмілелер тұрғын үйдің ресми сату серіктесі ретінде таныстырылған «Галерея Новостроек» компаниясы арқылы рәсімделген. Пәтерлердің құны 44 миллионнан 70 млн теңге аралығында бағаланған. Жалпы алғанда, сатып алушылар құрылыс компаниясына 1 млрд 359 млн теңгеден астам қаражат төлеген. Жобаны «TOPOLOV GROUP» ЖШС жүзеге асырған. Компанияның басшысы, әрі жалғыз құрылтайшысы ретінде Қайыр Тополов көрсетілген.

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Анар Катебаеваның айтуынша, үлескерлердің бір бөлігі пәтердің толық құнын бірден төлесе, енді бірі «Отбасы банк» арқылы ипотекалық несие рәсімдеген. Шарт бойынша тұрғын үй 2022 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс болғанымен, құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.

«Құрылыс кезінде нысандардың кешігуі қалыпты жағдай. Құрылыс компаниясының кеңсесі де сол жерде орналасқандықтан, үлескерлер үнемі байланыста болып, құрылыстың аяқталуын күтті. Кейін тұрғын үйдің сыртқы жұмыстары аяқталғандай көрінді. Бірақ газ жүйесі, инженерлік желілер мен абаттандыру жұмыстары толық бітпеген еді. Осы аралықта Қайыр Тополов қаржыландыру мәселесі шешілетінін айтып, үлескерлерді үнемі сендіріп келді», – дейді адвокат.

Уақыт өте тұрғындардың наразылығы күшейген соң құрылыс компаниясы оларға пәтерлеріне кіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге ресми рұқсат берген. Қабылдау-тапсыру актілеріне қол қойылып, тұрғындарға кілттер тапсырылған. Соның нәтижесінде барлық 28 отбасы өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Пәтерлер үшінші тұлғалардың атына қалай өтіп кеткен?

2025 жылдың мамыр айында үлескерлер күтпеген жағдайға тап болады. Олар өздері сатып алған пәтерлердің нотариалды куәландырылған сатып алу-сату шарттары негізінде үшінші тұлғалардың атына ресми тіркелгенін естиді. Адвокаттың айтуынша, сол тұлғалар аталған пәтерлерді «Банк ЦентрКредитке» кепілге қойып, жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд теңге болатын инвестициялық несиелер рәсімдеген.

«Осыдан кейін біз мән-жайды өзіміз зерттей бастадық. Нәтижесінде, пәтерлердің формальды меншік иелері ретінде көрсетілген азаматтардың іс жүзінде Тополовпен аффилирленген тұлғалар екені белгілі болды. Олардың қатарында оның бизнес-серіктесі, жүргізушісі, дизайнері, менеджері және өзге де жақын адамдары бар. Пәтерлер дәл осы адамдардың атына рәсімделген. Олардың әрқайсысының атына төрт, сегіз және одан да көп жылжымайтын мүлік нысандары тіркелген. Біздің пайымдауымызша, Тополовтың мүддесі үшін әрекет етіп, осы пәтерлерді кепілге қойып, банктен ірі көлемде несие алған. Несиелер табысы жоқ адамдардың атына рәсімделген. Күмәнді келісімшарттар жасалған», – дейді адвокат Катебаева.

А.Катебаева үлескерлердің үйді пайда табу үшін емес, отбасымен тұруға сатып алғанын алға тартты.

«Бір жарым жыл бойы үлескерлерге «құжаттар рәсімделіп жатыр» деп айтылған. Ал сол уақытта олардың сыртынан пәтерлер үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімделген. Бұл қалай болды? Осы 28 отбасының арасында зейнеткерлер, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар және жетімдер бар», – дейді ол.

Адвокаттың пікірінше, пәтерлердің банк кепілі ретінде қалай бағаланғаны да үлкен күмән тудырады.

«Банк бағалаушылары пәтерлердің ішіне кіріп, бағалап шыққанын айтады. Бірақ несие рәсімделген кезде үлескерлердің көбі сол үйлерде тұрып жатқан, жөндеу жұмыстарын аяқтап, есіктерін, құлыптарын ауыстырып қойған болатын. Егер бағалаушылар шынымен келген болса, мұны тұрғындардың байқамауы мүмкін емес еді», – дейді А.Катебаева.

Фото: Жас Алаш

Үйінен айырылуы мүмкін үлескерлер не дейді?

28 үлескердің қатарында Қазақстанның спорт шебері, хоккейші Әсем Төлеубаева да бар. Оның айтуынша, өзі мен жұбайы ұзақ жылдар бойы Қазақстанның шайбалы хоккейден ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған.

«Пәтерге жұмсалған әрбір тиын адал еңбегімізбен келген. Бізге ешкім дайын дүние сыйлаған жоқ. Барлығына өз күшімізбен жеттік. Сондықтан бүгін өз мемлекетім мені баспанасыз қалдыруы мүмкін дегенге сенгім келмейді», – деді спортшы.

Әсем Төлеубаева бұл тұрғын үй кешені туралы «Галерея Новостроек» агенттігі арқылы біліп, кейін Қайыр Тополовпен жеке кездескенін айтады. Үйдің құрылысы аяқталуға жақын қалғандықтан, баспана сатып алуға шешім қабылдаған. Алайда 2025 жылдың мамырында өз пәтерінің Қайыр Тополовтың серіктесі Асланбек Усмановтың атына рәсімделгенін білген.

«Сол кезде қолымда емізулі сәбиім болды. Осындай күйзелістен кейін омырауым тас болып қатып, сүтім тоқтап қалды. Кейін Тополов үлескерлерге құрылыс аяқталады деп айтып жүрген уақытта пәтерлердің құжаттарын әлдеқашан рәсімдеп қойғанын білдік. Бұл біздің отбасымыз үшін өте ауыр соққы болды», – дейді спорт шебері.

Үлескерлердің ішінде халық жылу жинап, үй алып берген жетім балалар да бар. 4 баланың ата-анасы пандемия кезінде қайтыс болған. Балаларды әпкесі Камила Шеннің айтуынша, бұл жағдай оларға ауыр тиген.

«Бес жыл бұрын біздің отбасымызда орны толмас қайғылы жағдай болды. Менің туған ағам мен жеңгем Алматы облысының Есік қаласындағы ауруханада COVID-19 инфекциясы мен пневмониядан болған асқынулар салдарынан қайтыс болды. Олардың артында төрт кішкентай бала қалды. Ол кезде үлкен баласы енді ғана бірінші сыныпқа барған еді. Ал кенже қызы әлі кішкентай сәби болатын. Сол кезде отбасымыздағы қайғылы жағдай туралы Қазақстанның көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Осындай қиын тұста халық болып жиналып, балаларға баспана берген еді», – дейді ол.

Оның айтуынша, ол марқұм ағасының балаларын жалғыз қалдырмау үшін барынша жағдай жасауға тырысқан.

«Олардың үшеуі ұл, біреуі қыз. Біз балаларға қолдан келгенше жақсы жағдай жасауға тырысамыз. Олар жақсы білім алсын, дұрыс ортада өссін деп ойлаймыз. Балаларға қазір баспана қажет», – дейді көпбалалы ана.

«Шерзат ісі» бойынша танылған адвокат та баспанасынан айырылуы мүмкін

Үлескерлердің қатарында «Шерзат ісі» бойынша танылған адвокат та бар. Ол – Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Бағдагүл Ажығалиева. Ол осы күнге дейін қаншама адамның құқығын қорғап келгенімен, дәл сондай жағдайға өзінің де тап боларын білмеген. Бүгінде ол өзге үлескерлермен бірге баспанасын сот арқылы қорғауға мәжбүр.

«Мен де басқа үлескерлер сияқты пәтерді «Галерея новостроек» ресми жылжымайтын мүлік агенттігі арқылы алдын ала сатып алу-сату шарты негізінде алдым. Агенттік менеджерлері менің талап-тілектерімді ескеріп, дәл осы тұрғын үй кешенінен пәтер ұсынған болатын. Көршілерім сияқты мен де 2021 жылдан бері үйдің пайдалануға берілуін күттім. Біз құрылыс салушыға қайта-қайта барып, жиналыстар ұйымдастырдық, құрылыстың қашан аяқталатынын білуге тырыстық. Ол үнемі құрылыстың кешігуін қаржылық қиындықтармен түсіндіріп, барлық мәселе жақын арада шешілетінін айтып сендірді. Оның сот процестері басталған кезде де қолдау білдіріп, қолдан келгенше көмектестік», – дейді Бағдагүл Ажығалиева.

Осындай жағдайларға қарамастан, тұрғындар құқық қорғау органдарына арыздануға асықпаған.

«Ең алдымен мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстық. Бастамашыл топ бірнеше рет банк өкілдерімен кездесіп, өзіміздің бұл пәтерлерді заңды түрде сатып алған адал сатып алушылар екенімізді, барлық міндеттемелерімізді толық орындағанымызды және өз баспанамызды алуға толық құқылы екенімізді түсіндірдік», – дейді адвокат.

Қайыр Тополовқа қатысты қылмыстық іс қозғалған

2026 жылдың қаңтар айында Алматы қаласы полиция департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша Қайыр Тополовқа қатысты қылмыстық іс қозғаған. Үлескерлердің адвокатының айтуынша, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сол себепті олар істің кейбір мән-жайларын толық айта алмайтынын жеткізді. IRIS тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған үлескерлер ешқандай жеңілдік немесе артықшылық сұрамайтынын айтады. Олар заң аясында өздеріне тиесілі баспананы қайтарып, әділ тергеу жүргізілгенін талап етіп отыр.

Алматы қаласының полиция департаменті IRIS тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге қатысты дау бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу аясында үш адам күдікті деп танылып, сот санкциясымен қамауға алынған.

«Қазіргі уақытта істің толық, жан-жақты әрі объективті зерттелуін қамтамасыз етуге, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, сондай-ақ жәбірленушілердің нақты санын және келтірілген шығын көлемін белгілеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген Алматы қаласы полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция мәліметінше, қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының бақылауында көрінеді.

Маржан СӘБЕТ

Сайт Әкімшілігі