Әлеумет

Иркутскіде оба жұқтырған әйел қайтыс болды: аурухана карантинге жабылды

Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға байланысты аурухана карантинге жабылды.

Фото ЖИ / JasAlash

Бір әйелдің оба жұқтырып қайтыс болғаны хабарланды. Қазір ондаған адам медициналық бақылауға алынған.

Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға байланысты Шелехов аудандық ауруханасының бірқатар бөлімшесі карантинге жабылды. Бұл туралы Ресейдің жергілікті билігі мен бірқатар БАҚ хабарлады.

Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев өңірде «аса қауіпті инфекцияға» күдік тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдайға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық комиссияның шұғыл отырысы өткен. Оған Ресейдің бас санитар дәрігері, Роспотребнадзор басшысы Анна Попова да қатысқан.

Кобзев инфекцияның нақты атауын ашып айтқан жоқ. Ол барлық байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынғанын, әзірге оларда ауру белгілері байқалмағанын және зертханалық нәтижелері теріс екенін мәлімдеді.

Шелехов ауданының мэрі Максим Модин аурухананың стационар бөлімшелерінде науқастарды қабылдау мен шығару уақытша тоқтатылғанын растады. Поликлиника бұрынғы режимде жұмыс істеп тұр, алайда зертхана анализ қабылдамайды, жоспарлы тексерулер де уақытша тоқтатылған.

Кейін Бурятия басшысы Алексей Цыденов қайтыс болған әйелдің оба жұқтырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әйел Бурятияға бармаған, ал республика аумағында, соның ішінде Моңғолиямен шекаралас аудандарда оба ошағы жоқ. Цыденов инфекцияның көзі Бурятиямен байланысты емес екенін айтты.

Ресейлік және шетелдік БАҚ-та қайтыс болған әйелдің зертхана қызметкері болуы мүмкін екені, сондай-ақ оның пробирканы сындырып алғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ. Иркутскідегі Эпидемиология және микробиология институты әйелдің өз қызметкері емес екенін және институт оба қоздырғышымен жұмыс істемейтінін хабарлаған.

Қазір Иркутск облысында індеттің таралуына жол бермеу үшін эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. БАҚ дерегінше, 190-ға жуық адам бақылауға алынған. Ресми органдар тұрғындарды тек тексерілген ақпаратқа сенуге шақырып отыр.

Оба — аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауру ерте анықталса, антибиотиктермен емдеуге болады. Бірақ өкпе түрі дер кезінде емделмесе, адам өміріне өте қауіпті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: оба