Әлеумет

ИРСК: Иран зымырандары ұшу траекториясын өзгерте алады

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) баспасөз хатшысы, генерал-майор Хусейн Мухибби Иранның кейбір зымырандары ұшу кезінде бағытын түзетіп, траекториясын өзгерте алатынын мәлімдеді.

Фото: Vahid Salemi/AP Photo/picture alliance

Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мухибби бұл туралы Казвин қаласында Журналистер күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада айтқан.

Ол Иранның зымыран және дрон технологиялары саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталып, бұл қару-жарақ соғыс кезінде қарсыластың «күштер желісінің» жекелеген элементтеріне соққы жасау үшін қолданылатынын мәлімдеді.

«Иран зымырандары бұрынғыдай бір нүктеден ұшырылып, екінші бір нүктеге жай ғана құламайды. Олардың бағытталу және траекториясын өзгерту мүмкіндігі бар. Кейбір зымырандар қарсыластың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінен жалтару үшін ұшу кезінде бағытын өзгерте алады», – деді ИРСК өкілі.

Мухиббидің айтуынша, технологиялық соғыста Иранның мақсаты тек ғимараттар мен техниканы жоюмен шектелмейді. Тегеран қарсыластың шешім қабылдау және қорғаныс жүйелеріне де ықпал етуді көздейді.

ИРСК өкілі соғыстың маңызды бағыттарының бірі қоғамдық «қабылдауды қалыптастыру» екенін де атап өтті.

Оның сөзінше, кейбір әскери нысандарға жасалатын шабуылдардың мақсаты тек физикалық шығын келтіру емес, сонымен қатар қоғамда белгілі бір түсінік пен көзқарас қалыптастыруға бағытталған.

Сайт Әкімшілігі