Әлеумет

Испанияда екі пойыз соғысып, 40-тан астам адам қаза тапты

Испанияда екі жүрдек пойыздың соғысуы салдарынан 40-тан астам адам қаза тапқаны хабарланды.

Фото EPA

 Жүздеген жолаушы мінген пойыздар апатқа ұшырап, бірнеше вагон рельстен шығып кеткен.

Қайғылы оқиға 28 қазанда Испанияның Толедо провинциясындағы Урда елді мекенінің маңында, жергілікті уақытпен сағат 08:54 шамасында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Renfe компаниясына тиесілі AVE жүрдек пойызы Iryo компаниясының тоқтап тұрған пойызын артынан соққан. Соқтығыс салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып, екеуі еңіске құлаған.

Апат кезінде екі пойызда барлығы 544 жолаушы болған.

Испанияның RTVE мемлекеттік телерадиокомпаниясы 40-тан астам адамның қаза тапқанын хабарлады. Ал Euronews мәліметінше, құрбандар саны кемінде 46 адамға жеткен. Дегенмен қаза тапқандардың нақты саны әлі нақтыланып жатыр.

Оқиға орнына құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Испания премьер-министрі Педро Санчес қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жоспарланған іс-шараларын тоқтатты.

Апатқа байланысты Мадрид пен Андалусия арасындағы жүрдек пойыз қатынасы уақытша тоқтатылды.

Қазіргі уақытта теміржол апатының себептері анықталып жатыр. Құзырлы органдар оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Т. РАУШАНҰЛЫ