Италияда қазақстандық студент қаза тапты: СІМ мән-жайды анықтап жатыр
Италияның Вибо-Валентия провинциясындағы Бриатико жағалауынан жас жігіттің мәйіті табылды.
Италиялық БАҚ мәліметінше, мәйіт 9 маусым күні таңертең жағалауға жақын жартастар арасынан байқалған. Алғашында құтқарушылар ұзын шашына қарап марқұмды әйел адам болуы мүмкін деп болжаған. Кейін оның шамамен 20-30 жас аралығындағы ер адам екені анықталған.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Италия тарапы қайтыс болған адамның есімін ресми түрде жарияламаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол дене табылғанға дейін шамамен 15 сағат бұрын көз жұмған.
Италиялық журналистердің жазуынша, мәйіттен қару жарақаттарының ізі табылмаған. Алайда жартастарға соғылу салдарынан пайда болуы мүмкін дене жарақаттары анықталған. Алдын ала нұсқалардың бірі – суға батып кету.
Qumash басылымының мәліметінше, марқұмның аты-жөні – Нұрдәулет Машарипов.
Досының айтуынша, ол Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдап, Италияның Кассино қаласындағы Unicas университетінің 3-курс студенті болған.
«Өкінішпен хабарлаймыз, біздің түлегіміз, НЗМ Орал мектебінің оқушысы болған Машарипов Нұрдәулет Италияда қайғылы жағдайда көз жұмды. Қазіргі уақытта оның денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жиналып жатыр. Жалпы шығын көлемі 8000 еуроны құрайды», – деп жазды Дінмұхамед Мұхтаров.
Оқиғаға байланысты Қазақстанның Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Қазақстанның Италиядағы елшілігі мен Италияның құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қазақстандық студенттің қаза болу себептері мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.