Әлеумет

Израиль әскері Сирияның оңтүстігін атқылады

Израиль әскері 6 қыркүйекте Сирияның оңтүстігіндегі Әл-Кунейтра провинциясына қарасты Эр-Рафид қаласының шетіне артиллериялық соққы жасады. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Фото: Бакр Алькасем/AFP/Getty Images

Сирияның Alikhbaria телеарнасының мәліметінше, аталған аумаққа алты артиллериялық снаряд атылған. Қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.

Бұған дейін бес әскери көліктен тұратын Израиль бөлімшесі Эр-Рафид қаласының шетіне дейін жетіп, кейін аумақтан кеткен. Бұл операция кезінде адамдардың ұсталғаны туралы мәлімет жоқ.

Соңғы уақытта Израиль әскерінің бұл аймақтағы белсенділігі бірнеше рет тіркелген. Бейсенбіде Израиль әскері Әл-Кунейтраның оңтүстігіндегі Тель-эль-Ахмар ауданына екі артиллериялық снаряд атқан.

Сирияның SANA мемлекеттік агенттігі сейсенбіде Израиль күштері Эр-Рафидтің батысында мал бағып жүрген адамды ұстағанын хабарлады. Ол бірнеше сағаттан кейін босатылған.

Сирияның оңтүстігіндегі Әл-Кунейтра мен Даръа провинцияларында Израиль әскерінің рейдтері, тінту жүргізуі, адамдарды ұстауы және әскери бақылау-өткізу бекеттерін орнатуы бірнеше рет тіркелген.

Өткен айда Израиль авиациясы Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында орналасқан Әбу әд-Духур әскери әуе базасының ұшу-қону жолағына сегіз рет соққы жасаған. Салдарынан нысанның инфрақұрылымына зақым келген.

Израильдің Сирия аумағындағы әскери белсенділігі 2024 жылғы желтоқсанда Башар Асад режимі құлағаннан кейін күшейді. Сол кезде Израиль 1974 жылғы күштерді ажырату туралы келісімнің күші тоқтағанын мәлімдеп, Сириядағы буферлік аймақты бақылауға алған.

Бұған дейін Түркия және тағы 11 мемлекет Израильдің Сириядағы әскери базаға жасаған соққыларын айыптаған.

Сайт Әкімшілігі