Израиль Иранға жауап ретінде әуе соққыларын жасады
Израиль әскери-әуе күштері Иранның батысы мен орталық бөлігіндегі нысандарға әуе шабуылдарын жасады. Бұл туралы 8 маусым күні таңертең Израиль қорғаныс армиясы хабарлады.
Әскерилер соққы жасалған нақты нысандардың атауын жариялаған жоқ.
Бұған дейін, 7 маусым кешінде, Израиль билігі Иран тарапынан зымыранмен шабуыл жасалғанын мәлімдеген. Осыған байланысты тұрғындарға паналау орындарына жасырыну туралы ескерту жасалып, елдегі мектептердегі сабақтар уақытша тоқтатылған.
Ал Тегеран өз шабуылын сол күні Израильдің Хезболла ұйымының нысандарына жасаған соққысына жауап ретінде «ескерту шарасы» деп атады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кац Ливан астанасы Бейруттағы шабуылдардың мақсаты «террористік штабтар» болғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар бұл оқиғалар АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бейбіт келісімге қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеген кезеңде орын алып отыр.
Трамп 7 маусымда берген сұхбатында Нетаньяху Вашингтонды қанағаттандыратын кез келген бейбіт келісімді қабылдайтынына сенімді екенін айтты.
– Барлық шешімді мен қабылдаймын. Ол (Нетаньяху) шешім қабылдамайды, – деді АҚШ президенті.
Мамыр айының соңында АҚШ пен Иран өкілдері ақпан айының соңынан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығысты реттеу жөніндегі негіздемелік келісімнің жобасы бойынша алдын ала мәмілеге келгені хабарланған болатын.
Алайда Ақ үй Иран ядролық қару жасау жоспарларынан толық бас тартпайынша түпкілікті келісімді қолдамайтынын білдірді.
Өз кезегінде Иран билігі де АҚШ-пен соғысты тоқтату жөніндегі соңғы келісімге әлі қол жеткізілмегенін мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп Нетаньяху жауап ретінде Иранға шабуыл жасамауға кқндіремін деген болатын.