Израиль премьері Flydubai ұшқышының ұшақты құлатуға әрекеттенгені туралы айтты
Flydubai ұшағындағы шабуыл: жолаушылар мен экипаж апаттың алдын алған
Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы борттағы шабуылдан кейін Сауд Арабиясына шұғыл қонды. Израиль билігінің мәлімдеуінше, екінші ұшқыш командирді пышақпен жаралап, ұшақты құлатуға әрекеттенген. Оны жолаушылар мен экипаж мүшелері тоқтатқан. Әуекомпания оқиғаның себебі әлі тергеліп жатқанын хабарлады.
Оқиға 30 қыркүйекте FZ1073 рейсінде болған. Ұшқыштар кабинасындағы жанжалдан кейін әуе кемесі күрт төмендеп, кейін Сауд Арабиясының Табук әуежайына бағыт алған. Израиль тарапының мәліметінше, жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуылдаушыны ұстап, борттағы басқа ұшқыштардың басқаруды қолға алуына мүмкіндік берген.
Flydubai өкілі ұшқыштар кабинасында жанжал болғанын және қосымша экипаждың ұшақты Табукке қауіпсіз қондырғанын растады. Алайда компания оқиғаның себептері мен оған түрткі болған жайттар әзірге белгісіз екенін атап өтті.
Жараланған командир көмекке жол ашқан
Reuters мәліметінше, шабуыл кезінде жараланған командир – Үндістан азаматы Смит Маччхар. Ол жарақатына қарамастан кабина есігінің құлпын ашып, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ішке кіруіне мүмкіндік берген.
Ұшақты бортта болған басқа екі ұшқыш қондырған. Маччхарға Табук ауруханасында операция жасалып, жағдайы тұрақты екені хабарланды.
БАӘ Азаматтық авиация басқармасы экипаж мүшелерінің жарақат алғанын ресми растады. Ведомство оқиғаның себептері мен қауіпсіздікке қатысты барлық мән-жайды тексеріп жатқанын мәлімдеді.
Израиль теракт болуы мүмкін деп отыр
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ұшқыштың әуе кемесін борттағы адамдармен бірге құлатпақ болғанын мәлімдеді. Ол апаттың алдын алуға көмектескен жолаушылар мен экипаж мүшелеріне алғыс айтты.
Дегенмен шабуылдың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Нетаньяху күдіктінің сыбайластары болған-болмағаны тексерілетінін айтып, Иранның ықтимал қатысы жөнінде қорытынды жасауға ерте екенін жеткізді.
БАӘ авиация басқармасы жұртшылықты ресми расталмаған ақпаратты таратпауға және тергеу нәтижесін күтпей тұрып тұжырым жасамауға шақырды.
Жолаушылар Израильге жеткізілді
Табук әуежайының мәліметінше, рейс жолаушылары сол күні басқа ұшақпен Тель-Авивке аттанған. Оларды алып кеткен ұшақ жергілікті уақытпен 17:40–та көтерілген.
The National басылымының хабарлауынша, оқиға кезінде әуе кемесінің құйрығындағы бағыт рулі зақымданған. Оның нақты себебі тергеу барысында анықталмақ. Flydubai тергеуге байланысты Израильге және кері бағыттағы рейстерін уақытша тоқтатқанын хабарлады.