Израиль Трампқа қастандық жасалуы мүмкін екенін тағы ескертті
Израиль Трампқа қастандық жасалуы мүмкін екенін тағы ескертті
Израиль барлау қызметі АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасалуы мүмкін екені туралы америкалық әріптестеріне тағы да ескерту жасаған. Бұл туралы Израильдің Israel Hayom басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Израильдің «Моссад» барлау қызметі АҚШ Орталық барлау басқармасына (ЦРУ) Иран тарапынан ықтимал қауіп төніп тұрғаны жөнінде ақпарат берген.
Израиль барлауының болжамынша, қастандық жасау үшін жарылғыш заттармен жабдықталған дрон пайдаланылуы мүмкін.
Ақпарат құралдары осы ескертулерден кейін Трамптың қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін хабарлады. Атап айтқанда, президенттің ашық аспан астында өтетін іс-шараларына шектеулер енгізілгені айтылды.
Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, қаржы министрі Скотт Бессент және қорғаныс министрі Пит Хегсетке қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілгені хабарланды.
Алайда Израиль барлауының мәліметтері тәуелсіз дереккөздер арқылы толық расталған жоқ.
Бұған дейін Reuters агенттігі АҚШ барлау қызметтері Израильдің Трампқа қастандық жасау қаупіне қатысты бірқатар ескертулерін өз бетінше растай алмағанын жазған.
Әзірге Иранның АҚШ президентіне қарсы нақты қастандық дайындап жатқаны туралы ресми түрде расталған дәлелдер жарияланған жоқ.