Саясат

Израильдегі сайлауда Нетаньяху бастаған саяси блок алда келеді

Израильде парламент сайлауының алдын ала нәтижелері жарияланды.

Биньямин Нетаньяху. Фото: Sean Gallup / Getty Images

Дауыстардың 77 пайызы саналғаннан кейін премьер-министр Биньямин Нетаньяху бастаған саяси блок алға шықты. Израильдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Нетаньяхудың "Ликуд" партиясы бастаған блок Кнессеттегі 120 орынның 54-іне ие болуы мүмкін.

Ал оның басты қарсыласы, бұрынғы Бас штаб басшысы Гади Айзенкот жетекшілік ететін оппозициялық альянс 49 мандатқа, араб партияларының бірлестігі 17 мандатқа қол жеткізуі ықтимал.

Алайда үкімет құру үшін парламенттегі кемінде 61 депутаттың қолдауы қажет. Әзірге негізгі саяси блоктардың ешқайсысы мұндай басымдыққа ие емес.

Нетаньяху араб партияларымен коалиция құрудан бас тартты.

"Біз күшті, оңшыл, ұлтшыл үкімет құруымыз керек. Израильдің қауіпсіздігін қатерге тігіп, антисионистік араб партияларына сүйенетін үкімет жасақтауға болмайды", – деді ол.

Ал Гади Айзенкот белгілі бір шарттар орындалса, араб партияларымен ынтымақтастық мүмкіндігін жоққа шығармады.

Сайлаудың түпкілікті нәтижелері алдағы күндері белгілі болады. Әзірге жүздеген мың бюллетень саналып біткен жоқ.

Айта кетейік, бұл – 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін өткен алғашқы парламент сайлауы. Дауыс беруге 7,3 миллион азаматтың құқығы болды.

Сайлау нәтижесіне қарай Израильде жаңа үкімет құру жөніндегі келіссөздер басталуы немесе кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі туындауы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі