Қоғам

Израильдің қатысуына наразы бес ел «Евровидение» байқауына бойкот жариялады

Испания, Исландия, Ирландия, Словения және Нидерланд «Евровидение-2026» ән байқауына қатысудан бас тартты. Мұндай шешімге Израильдің байқауға қайта қатысуына рұқсат берілуі себеп болған.

Фото: ашық дереккөзден

Испанияның радио және телехабар тарату корпорациясының төрағасы Хосе Пабло Лопес бойкоттың себебін қазіргі халықаралық жағдаймен байланыстырды. Оның айтуынша, байқауды ұйымдастыруға қатысушы елдер болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмайды.

«Израиль «Евровидениеге» бұрыннан қатысып келеді. Алайда қазіргі жағдай мен болып жатқан геноцидке көз жұма қарау мүмкін емес», – деді ол.

Сондай-ақ Лопес «Евровидение» бүгінде тек музыкалық емес, саяси маңызы бар халықаралық алаңға айналғанын атап өтті.

«Бұл байқаудың саяси ықпалы зор екенін бәрі түсінеді. Израиль билігі де мұны халықаралық деңгейде пайдаланып отыр», – деді ол.

Ал Словения байқауды трансляциялаудан толықтай бас тартатынын хабарлады. Бұған дейін де бірнеше ел Израильдің қатысуына байланысты «Евровидениеге» бойкот жариялауы мүмкін екені айтылған болатын.

Сайт Әкімшілігі