ҚАЛҒА
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Құрылтай отырысында Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды.
Құрылтай депутаттарының басым көпшілігі қолдады. Қариннің Вице-президент болатынын «төбесінде тесігі бар» сарапшылардың бәрі күні кешеге дейін айтып жүрген, ақыры сол болжам расқа айналды.
Қазақстанның саяси тарихында Вице-президент бұған дейін де болған. Тұңғыш Вице-президент лауазымын Ерік Асанбаев атқарды. Екінші Вице-президент болу бағы Ерлан Қаринге бұйырған екен. 1991-1996 жылдары Ерік Мағзұмұлының мойнына қандай ауыр жүк артылғанын білеміз, енді екінші Вице-президент Ерлан Қаринге де сондай аса жауапты міндет жүктелмек.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринге қатты сенеді. Сенгендіктен де өзінен кейінгі орынға лайық көрді. 2022 жылдың қаңтарындағы бұлғақ кезінде Қарин өзін табанының бүрі бар саясаткер ретінде көрсетті. Саяси дағдарысты шешуге бел шеше кірісті. Білуімізше, осы сәт шешуші рөл атқарған сыңайлы.
Мемлекет басшысының: «Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын», – деуі тегін болмаса керек.
Мемлекеттік басқару жүйесінде Вице-президенттің рөлі айрықша болмақ. Вице-президент билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді, Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады. Бір сөзбен айтқанда, билік пен қоғамның арасын жалғайтын дәнекер.
Біз өз тарапымыздан Вице-президентке қатысты бірер сөз айтуды жөн санадық. Сөз жоқ, Ерлан Тынымбайұлы – отаншыл, мемлекетшіл азамат. Билік баспалдағымен баппен көтерілген сақа саясаткер. Кім не десе де, Қариннің қарымын жоққа шығара алмайды. Бір ғана дәлел айтайық, үлкен көршінің көңіліне қарамай-ақ Алашорда туралы көптомдық құрастыру, қазақтың шынайы тарихын қайта жазу – Қариннің еңбегі.
Қазақта «қалға» дейтін ұғым бар. Қалға деген кім? Ол – ханның мұрагері, ізбасары. Қалға – тарихи лауазым. Міне, сол бүгінгі ұлық қалғалық саясатта әбден ысылған Ерлан Қаринге бұйырған екен, іске сәт дейміз!
Ерік РАХЫМ