Қамчыбек Ташиев Қырғызстандағы тағы бір қызметінен кетті
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Қамчыбек Ташиев тағы бір қызметінен кетті. Бұл туралы 24.kg хабарлады.
Ташиев екі жылдан астам уақыт Қырғыз футбол одағының президенті қызметін атқарған. 15 сәуір күні өткен одақ конгресінде ол атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
«Футболға табыс тілеймін. Қырғызстандағы футболды бизнес ретінде қарастыруға болмайды. Мен өз миссиямды орындадым. Бұл жерде төраға ретінде соңғы рет сөйлеп тұрған шығармын. Енді бұл қызметке футболды шын мәнінде жақсы көретін адам келуі керек», – деді ол.
Еске салайық, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің бұрынғы серігі әрі жақын адамы Қамчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан болатын.
Президент әкімшілігінің мәліметінше, бұл шешімнің басты мақсаты – мемлекеттегі бірлікті нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу.
Бұл жағдай Қырғызстан президентіне кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеулер жасалған тұста орын алды. Жапаровтың баспасөз хатшысы Ташиевтің айналасындағы адамдар депутаттарға хабарласып, оларды «генерал жағына өтуге» және «жаңа президент сайлауын бастауға» үгіттегенін айтқан.
Жапаров бұрынғы серігімен арадағы келіспеушілікке қатысты пікір білдіре отырып, бұл мәселені трагедияға айналдырмауға шақырды.
Ташиевтің қызметтен кетуінен кейін күштік құрылымдарда өзгерістер болды: оның орынбасарлары да қызметінен босатылды, Шекара қызметі ҰҚМК құрамынан шығарылды, сондай-ақ президентке тікелей бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.