Қоғам

«Кәмелетке толмаған қыздардың тұзағына түсті»: Ауыр жаза арқалағандардың туыстары әділдік іздейді

Әлеуметтік желідегі таныстық кейде адамның тағдырын түбегейлі өзгертіп жібереді. Өкінішке қарай, ғаламторда басталған әрбір қарым-қатынас оңды бола бермейді. Соңғы жылдары жасын жасырып танысатын, кейін кәмелетке толмағанын алға тартып, ер адамдардан ақша бопсалайтындар көбейген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай қылмыстық схемаларға кейде 15-16 жастағы қыздардың да қатысы бары анықталған.

Фото: Жас Алаш

Естеріңізде болса, өткен жылы Алматы облысында дәл осындай схема бойынша әрекет еткен ұйымдасқан топтың қылмысы әшкереленген еді. Облыстық полицияның мәліметінше, қылмыстық топты Талғар ауданы Қайназар ауылының 19 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол сыбайластарымен бірге құрбандарын әлеуметтік желі арқылы тауып, оларды алдын ала құрған тұзаққа түсірген. Топ құрамында 17 жастағы қыз да болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қыз жігіттермен интернет арқылы танысып, кездесуге шақырған. Біраз уақыттан кейін кездесуге өзін қыздың «ағалары» ретінде таныстырған бір топ жас жігіт келіп, жәбірленушіні қорқытып, кәмелетке толмаған қызға қатысты жалған айып тағу арқылы ақша талап еткен. Қаскөйлер кей жағдайда күш қолданып, жәбірленушілердің құжаттары мен бағалы заттарын тартып алып, қомақты қаражат аударуға мәжбүрлеген. Осындай тәсілмен 24 жастағы Алматы қаласының тұрғынының 100 мың теңгесін аудартқан. Бұдан бөлек, оны қорқытып, тағы 1,4 млн теңге беруге мәжбүрлемек болған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қылмыстық топтың барлық мүшесін анықтап, ұстады.

Жуырда Алматыда «кәмелет жасына толмаған қыздарды зорлады» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған азаматтардың туыстары мен адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп, қылмыстық істерді қайта қарауды талап етті. Айтуларынша, бұл екі оқиға әртүрлі жерде, әртүрлі уақытта болғанымен, екеуінің де соңы ауыр үкіммен аяқталған. Туыстары кәмелет жасына толмаған қыздарға зорлық жасады деп айыпталған сотталушылар жазықсыз жазаға ілігіп кетті деп есептейді.

Туыстарының айтуына қарағанда, екі жағдайда да жәбірленуші тарап ірі көлемде ақша сұрап, мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынған. Сол себепті сотталушылардың жақындары мұны алаяқтық схемасымен байланыстырады.

«Дәлелдер толық зерттелмеді»: 25 жылға сотталған азаматтың туыстары істі қайта қарауды сұрайды

Баспасөз мәслихатында Бақыттыгүл Есіркенова бірнеше жылдан бері ағасының кінәсіздігін дәлелдеуге тырысып жүргенін айтты.

«Бұл іс 2023 жылы басталды. Ағам сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі және 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші полицияға арада екі жыл өткеннен кейін, яғни 2023 жылы жүгінген. Ал арызында өзіне қатысты зорлық 2020-2021 жылдары жазғы демалыс кезінде болғанын көрсеткен. Жәбірленуші ағаммен бірге картоп қазуға барғанын, сол жерде зорланғанын айтқан. Бірақ оқиғадан кейін ешқандай қарсылық білдірмей, ауылға бірге қайтқан», – дейді Б.Есіркенова.

Бақыттыгүл Есіркенова тергеу барысында алынған заттай дәлелдемелердің сақталу тәртібіне де күмән келтірді. Оның сөзінше сараптамаға жіберілген матрастарды сол жерде жәбірленуші қыз бен оның анасы да ұстаған.

«Тергеу кезінде олар үйге рұқсатсыз кірді. Қыздың айтуы бойынша биологиялық сұйықтық тамуы мүмкін жерлерде тұрған заттарды алып кетті. Ол заттардың барлығын анасы өз қолымен ұстап, салып алды. Соның негізінде сараптама жасалды», – дейді ол.

Сонымен қатар Б.Есіркенова сот-биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалардың қорытындыларына да күмән келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, сараптама барысында бірінші және төртінші қан тобына жататын екі ер адамның биологиялық іздері анықталғанымен, олардың нақты кімге тиесілі екені айқындалмаған. Соған қарамастан, тергеу бұл қорытындыларды айыптаудың негізіне алған.

Қорғаушы тарап мемлекеттік криминалистикалық-психологиялық сараптаманың қорытындылары да сотта тиісінше бағаланбағанын алға тартты. Қоғамдық қорғаушы Есіркенованың сөзінше, сараптама барысында сотталушыдан педофилияға тән психологиялық белгілер анықталмаған. Сонымен қатар сарапшы жәбірленушінің айтқандарының шындыққа сәйкестігін бағалау өзінің кәсіби құзыретіне кірмейтінін көрсеткен.

Адвокат Ермек Тілеукеев 25 жылға сотталған азаматтың ісіне қатысты қорғаушы тараптың ұстанымын жариялап, сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, айыптау үкімі негізінен кәмелетке толмаған жәбірленушінің алдын ала алынған жауаптарына сүйеніп шығарылған. Алайда ол жауаптарды рәсімдеу кезінде Қылмыстық-процестік кодекстің талаптары сақталмаған деп есептейді.

Қазіргі уақытта қорғаушы тарап іс бойынша Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірген. Олар бірінші және апелляциялық сатыларда жан-жақты зерттелмеген дәлелдерге, сондай-ақ кейін ұсынылған тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларына құқықтық баға беріледі деп үміттенеді.

Әлеуметтік желідегі таныстықтың соңы: екі азамат 15 жылға сотталды

Баспасөз мәслихатында сөз алған тағы бір сотталушының ағасы Қуанышбек Қадырмолланың айтуынша, інісінің әлеуметтік желіде басталған таныстығының соңы қылмыстық іспен аяқталған.

Оқиға 2023 жылы болған. Сол кезде Қуанышбек Қадырмолланың інісі мен оның досы кезекті емтиханға дайындалып жүрген. Түнгі уақытта інісі жастар жиі қолданатын чат-рулетка платформасы арқылы бір бойжеткенмен танысады. Қыз өзінің 18 жаста екенін айтады. Біраз әңгімелескеннен кейін қыз жігітті үйіне шақырған. Алайда келесі күні емтихан тапсыратынын айтқан жігіт қыздың ұсынысынан бас тартады. Кейін олар бір-бірінің телефон нөмірлерімен алмасып, таныстықтарын ары қарай жалғастырмақ болады.

Арада көп өтпей, әлгі бойжеткен Қуанышбек Қадырмолланың інісінің досымен де дәл сол платформада сөйлескен. Әңгіме барысында қыз екі жігіттің өзара таныс екенін біліп, олардың пәтеріне өзі баруды ұсынып, бірнеше рет өтінген. Алғашында жігіттер келіспегенімен, қыз жалғыз отырып іші пысқанын айтады. Кейін екі дос оған такси шақырып, пәтерлеріне алдырған.

«Қыз үйге келген соң олар біраз уақыт дастарқан басында әңгімелеседі. Кейін қыз дәретханаға кіріп кетеді. Ол шыққан бойда екі аяғының арасында бөртпе пайда болғанын айта бастайды. Інімнің досы медицина саласында оқитын болғандықтан, інім оған «қарап көрсеңші» дейді. Сол жерде қыз бірден бұтын шешіп көрсете бастайды. Досы бөртпені көріп, «бұл ВИЧ болуы мүмкін» деп айтып қалады. Екеуі сол жерде шошып кетеді. Осыдан кейін қыз біреуге телефон шалып, «кеше сенімен бірге болғаннан кейін екі аяғымның арасы бөртіп кетті», деп айтып жатады. Мұны естіген екі жігіт қызды таксимен үйіне қайтарып жібереді», – дейді Қуанышбек Қадырмолла.

Арада төрт күн өткен соң бойжеткен екі жігіттен ақша талап етіп, бермеген жағдайда полицияға арызданатынын айтқан. Қ.Қадырмолланың айтуынша, жігіттер өздерін кінәсіз санағандықтан ақша беруден бас тартқан. Осыдан кейін құқық қорғау органдарына арыз түскен. Ол оқиғадан бір апта өткен соң полиция қызметкерлері келіп, екі жігітті бөлімшеге алып кеткен.

Алайда қыздың ақша бопсалағанын дәлелдейтін құжаттар немесе өзге де дәлелдер ұсынылмаған. Кейін тергеу барысында WhatsApp-тағы хат алмасулар тексерілген. Қуанышбек Қадырмолланың сөзінше, бойжеткен хаттың өзіне тиімді бөліктерін ғана сақтап, қалған хабарламаларды өшіріп үлгерген. Туыстарының айтуынша, соның салдарынан жігіттердің сөзін дәлелдеуі мүмкін жазбалар сақталмаған.

Сот екі азаматты кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырған.

Айғаққа сүйенген үкім әділ бола ма?

Адвокат Ермек Тілеукеев аталмыш баптар бойынша қаралатын істер қоғамда әрдайым үлкен резонанс тудыратынын, сондықтан тергеудің барынша жан-жақты жүргізілгені маңызды екенін атап өтті. Адвокат өз тәжірибесінде кездескен бір оқиғаны мысалға келтірді.

«Жақында қабылдауыма 20 жастағы бойжеткен келді. Оның кәмелет жасына толмаған кезінде берген жауабының салдарынан туған әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Бойжеткен өз оқиғасымен бөлісіп, істің мән-жайын қайта қарауға және ақиқатты қалпына келтіруге көмек сұрады. Ол кезде қыз небәрі 13-14 жаста болған. Айтуынша, не болып жатқанын толық түсінбеген. Қазір есейіп, бәріне басқаша қарай бастаған. Інісінің әкесін сағынып жүргені де жанына батқан. Сондықтан болған жағдайды жасырмай, шындықты айтқысы келді», – дейді адвокат.

Осы оқиғаны мысалға келтірген Е.Тілеукеев сотта тек жәбірленушінің айғақтары ғана ескерілмеуі тиіс деп санайды. Адвокаттың пікірінше, мұндай айыптаулар міндетті түрде өзге де объективті дәлелдемелермен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарындағы нақты айғақтармен жан-жақты расталуы қажет. Тек барлық дәлелдер толық зерттеліп, өзара сәйкестігі тексерілген жағдайда ғана әділ шешім қабылданады.

«Егер адамның кінәсі нақты әрі бұлтартпас дәлелдермен расталса, ол заң алдында толық жауап беруі тиіс. Біз мұндай қылмыстарды ақтамаймыз», – деді ол.

Е.Тілеукеевтің айтуынша, өзінің тәжірибесінде отбасылық жанжалдарға кәмелет жасына толмаған балаларды да араластыратын жағдайлар жиі кездескен. Кейбір істерде ажырасқан ерлі-зайыптылардың арасында «балаға жыныстық зорлық жасалды» деген негізсіз ауыр айыптар тағылады. Адвокаттың пікірінше, мұндай істер қоғамда өте ауыр қабылданатындықтан, көпшілік ақпарат жарияланған сәттен бастап-ақ жәбірленуші тараптың ұстанымын қолдап кетеді. Адвокаттың пікірінше, зорлық-зомбылыққа қатысты істерде жәбірленушінің жауабынан бөлек, айыптауды растайтын тәуелсіз және объективті дәлелдер де ескерілуі тиіс.

Маржан Сәбет

Сайт Әкімшілігі