Канада Трамптың Онтарио көлінің атауын өзгертуіне жауап берді
Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ президенті Дональд Трамптың екі ел шекарасындағы Онтарио көлін «Америка көлі» деп қайта атау туралы шешімін сынға алды.
«Онтарио» атауы вендат тайпасының тіліндегі «Ontari’io» сөзінен шыққан және «әсем көл, ұлы көл» деген мағынаны білдіреді. Бұл атауға 400 жылдан асты. Ол Канада конфедерациясы құрылмай тұрып та, АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы қабылданбай тұрып та болған», – деп жазды Карни X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Канада премьері АҚШ-та сауда байланыстары, сыртқы саясат, ұлттық ескерткіштер, тіпті географиялық атаулар да өзгеріп жатқанын атап өтті.
«Ал канадалықтар затты өз атымен атау дегеніміз – бұл көлді Онтарио деп атау екенін біледі. Бұрын да солай болған, қазір де солай және әрқашан солай болып қала береді», – деді Карни.
Трамп көлдің атауын өзгерту туралы жарлыққа Ақ үйде сауда келіссөздері сәтсіз аяқталғаннан кейін қол қойған. Ол шешімін «Канада шенеуніктерінің АҚШ өкілдеріне өте нашар қарым-қатынас жасағанымен» түсіндірді.
Бұған дейін Трамп бес Ұлы көлдің ең кішісі саналатын Онтарио көлінің атауын өзгерту жоспарын 25 тамызда жариялаған еді. Бұдан үш күн бұрын АҚШ жаңа сауда келісімі бойынша келіссөздер тоқтағаннан кейін Канаданың бірқатар тауарына 50 пайыздық кедендік баж салығын енгізген.
Бұған жауап ретінде Марк Карни АҚШ-тың бірқатар тауарына 50 пайызға дейінгі баж салығы салынатынын мәлімдеді. Жаңа тарифтер 8 қыркүйектен бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Сауда келісімінің жасалмай қалуына екі тарап бір-бірін айыптады. Карни АҚШ келіссөздердің соңғы сәтінде «әділетсіз әрі нарық қағидаларына қайшы» талаптар ұсынғанын айтты. Ал АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир Оттава бұған дейін келісілген шарттар бойынша мәмілені аяқтаудан бас тартты деп мәлімдеді.