Қарағандыда "Таза Қазақстан" акциясы аясында "Мәңгілік алау" мемориалдық кешені ретке келтірілді
Елімізде "Таза Қазақстан" акциясы жалғасып жатыр. Қарағанды облсы да бұл науқаннан шет қалмады. Аталған акция аясында Ұлы Отан соғысының батырларларына арналған аллеяда соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған мемориалдық тақталар мен «Мәңгілік от» мемориалдық кешені тазартылды.
Сонымен бірге қоқыс пен жердегі жапырақтар шығарылған. Осылайша, қарағандылықтар "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында туған қаласын абаттандыруды жалғастырып жатыр.
“Таза Қазақстан" акциясының 15-20 сәуір аралығында өтетін апталығы "Киелі мекен" деп аталады және тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналған. Бұл күндері ардагерлер ұйымының өкілдері, қоғам белсенділері, еріктілер, студенттер, мектеп оқушылары, еңбек ұжымдарының мүшелері қалалар мен ауылдардың көшелерін тазалаумен айналысуда.
“Еліміздің Президенті экология мәселесіне үлкен мән береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды. Бұл бір реттік науқан емес екенін айта кеткен жөн, біз Қазақстанды көгалдандыру, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды тазарту бойынша үнемі жұмыс жасауымыз керек. Ал жастардың бойына Отанымыздың көркі деген ұғымды сіңіру маңызды. Бүгінгі күні аға және жас ұрпақ өкілдерінің иық тіресе еңбек етіп жатқаны қуантады”, - деді Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек және мемлекеттік қызмет ардагері Ғабит Тұяқов.
Ардагерлер кеңесі төрағасының сөзімен қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ғазиз Зұлхарнай да келіседі. Оның айтуынша, осы апта бойына тау-кен астанасының жастары қаламыздағы 40-тан астам ескерткіштер мен мүсіндерінің айналасын ретке келтіреді.
“Бірнеше аптадан кейін біз Ұлы Жеңістің тағы бір мерейтойын тойлаймыз. «Таза Қазақстан» акциясы жастардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, олардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыратын игі миссия деп білемін”, - дейді ол.
Қазіргі уақытта Осакаров ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу алаңын тазарту, Сортировкадағы Теміржолшылар үйінің, Саран қаласындағы интернационалист-жауынгерлер монументі мен Жамбыл Жабаев ескерткішін абаттандыру шаралары жүргізілуде. Қарқаралы ауданында Құнанбай мешітінің айналасы абаттандырылуда. Осындай жұмыс Теміртау қаласындағы «Белгісіз солдат» ескерткішінде де ұйымдастырылды.
Фархат ҚЫНЖИТАЕВ
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО
Бейне: Life 09