2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні
Әлеумет

Қарағандыдағы Бөкетов университетінің үш студентінен туберкулез анықталды

Қарағандыдағы академик Е.А. Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің үш студентінен туберкулез анықталды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Қазыбек би ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, алғашқы жағдай туралы ақпарат 22 қыркүйекте түскен. 23 қыркүйекте екінші студенттен ауру анықталса, 24 қыркүйек кешінде үшінші жағдай тіркелгені белгілі болды.

Ауру анықталған студенттер университеттің әртүрлі факультеттерінде – биология-география, шет тілдері және журналистика факультеттерінде оқиды.

Мамандардың айтуынша, үш студент те университет жатақханасында тұрмаған. Олар Қарағандыдағы әртүрлі мекенжайда пәтер жалдап тұрған.

Қазір санитариялық қызмет науқастардың бір-бірімен байланыста болған-болмағанын анықтап, олармен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп жатыр. Университет ғимараттарында қорытынды дезинфекция жүргізілген.

Әлеуметтік желілерде оқу орнында туберкулез жұқтырған студенттер саны 10-ға жетті деген ақпарат та тараған. Алайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарды. Ресми түрде әзірге үш жағдай расталған.

Университетте карантин енгізілген жоқ.

Дәрігерлер туберкулездің негізінен ауа арқылы тарайтынын еске салады. Санитариялық қызмет ұзақ уақыт жөтелу, әлсіздік, дене салмағының төмендеуі сияқты белгілер байқалған жағдайда дәрігерге қаралып, тексеруден өтуге кеңес береді.

Сайт Әкімшілігі