Қоғам

Кәрім Мәсімовтің іздеуде жүрген бұрынғы күйеу баласы қазақстандықтарға үндеу жасады

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарға видеоүндеу жасап, өзіне қатысты тараған айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді.

Коллаж

Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы болған Қапенов Instagram парақшасында жариялаған видеосында өзін «Қазақстаннан ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

Оның сөзінше, ата-анасына тиесілі Евротрансгрупп компаниясы Достық станциясы аумағында Орталық Азиядағы ең ірі порттардың бірін салып жатыр. Қапенов жобаға қажетті жер телімдері жеке тұлғалардан сатып алынғанын, ал құрылыс жұмыстары несие қаражаты есебінен жүргізілгенін айтты.

«Мен Қазақстаннан ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Біздің компания Достық станциясында аумағы 51 гектар болатын ірі порт салып жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ Қапенов құрылыс жұмыстары 2022 жылдың маусымында басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл кезде Кәрім Мәсімов қамауда болған.

Ол нысанның алғашқы кезеңі 2023 жылдың ақпанында аяқталып, содан бері ай сайын шамамен 1 млн доллар табыс әкеле бастағанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Қапенов кейіннен катарлық Lesha Bank иелігіне өткен Bereke Bank төңірегіндегі жағдай мен рейдерлік туралы мәлімдемелер жасайтынын айтты.

Айта кетейік, Азамат Қапеновтың Қырғызстанда жүргені белгілі. Оған дейін ол Біріккен Араб Әмірліктері аумағында болған.

Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі Қапеновке халықаралық іздеу жариялаған. Сот оны сырттай қамауға алуға санкция берген. Сондай-ақ сот шешімімен Бас көлік прокуратурасының өтініші негізінде Достық станциясындағы Қапеновке тиесілі терминал мемлекет меншігіне өткізілгені хабарланды.

Тергеу мәліметінше, ҚазТемірТранс компаниясының бұрынғы вице-президенті қызметтік өкілеттігін пайдаланып, аффилирленген ұйымдарға заңсыз артықшылық берген. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 5,2 млрд теңгеден асады. Азамат Қапенов 2025 жылдың тамызында Біріккен Араб Әмірліктері аумағында ұсталғанымен, бір айдан кейін босатылған. Әмірліктер тарапы оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.

Сайт Әкімшілігі