Қоғам

Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты хабарламалар жіберуді бастады

Қазақстанның Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша азаматтарға салықтық тәуекелдер туралы хабарламалар жолдай бастады. Бұл туралы Қаржы министрінің бірінші орынбасары Ержан Біржанов мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Оның айтуынша, ведомство 2026 жылдың бірінші тоқсанына қатысты мобильді аударымдар жөніндегі деректерді сәуір айында алып, оларды өңдегеннен кейін мамыр айынан бастап ескерту хабарламаларын жіберуге кіріскен. Хабарламалар бірнеше санаттағы азаматтарға бағытталған. Атап айтқанда, кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға, оңайлатылған салық режимімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша қызмет атқаратын кәсіпкерлерге жолдануда.

Ержан Біржановтың сөзінше, қазіргі кезде министрлік жазалау емес, түсіндіру және алдын алу қағидатына негізделген сервистік тәсілді қолдануда. Яғни азаматтарға анықталған кірістер туралы хабарланып, оларды декларацияда көрсету ұсынылады. Оңайлатылған режимдегі жеке кәсіпкерлер анықталған айырмашылықтарды жартыжылдық декларациясында көрсете алады. Ал жалпыға бірдей салық режиміндегі кәсіпкерлер бұл мәліметтерді жылдық декларацияға енгізуге мүмкіндік алады.

Кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген, бірақ ресми тіркелмеген азаматтарға заңды түрде тіркелу ұсынылады.

«Бүгінгі күнге дейін бірде-бір жеке тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге қатысты айыппұл салынған жоқ. Біз оларға алдағы декларацияларында мәліметтерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмыз», - деді Қаржы министрінің бірінші орынбасары.

Ведомство өкілдері бұл шаралардың мақсаты азаматтарды жазалау емес, салықтық міндеттемелерді өз еркімен орындауға жағдай жасау екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі