Оқиғалар

Қаржылық алаяқтықтың алдын алу жолдары

Қаржы секторындағы алаяқтық – бұл заманауи технологиялар мен психологиялық айла-шарғыларды қолдану арқылы азаматтардың ақшалай қаражатын жымқыруға бағытталған қылмыстық әрекеттер.

Фото: из открытых источников

Тұтынушыларға қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін негізгі алаяқтық түрлері мен олардан қорғану жолдарын білу маңызды. Осы ретте біз «Сапа» орталығының маманы, сарапшы Балнұр Сыдықбаевамен тілдестік. 

– Балнұр Оңғарқызы, қаржы секторындағы алаяқтық жөнінде сіздерге шағымданатындар бар ма?

– Әрине, бар. Қаржы пирамидаларына қатысты шағымдар көп түседі. Бұл жерде сол пирамидаға енгізетіндер қомақты табысты уәде етеді. Азаматтарды күмәнді жобаларға, жалған брокерлік платформаларға, түрлі схемаларға енгізеді де, артынан тұтынушы сан соққанын біліп, бізге шағымданады. Сосын, қылмыскерлер өздерін Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер, полиция немесе сот орындаушыларының қызметкері ретінде таныстыратын жағдайлар да кездесіп жатыр. Олар «шотыңызда күдікті операция жүріп жатыр» немесе «атыңызға несие рәсімделуде» деп қорқытып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудартады немесе жеке деректерді сұратады. Осындайға ұрынып қалып жатқандар бар. Сондықтан бұл арада адамдардың қаржылық сауатын арттыру маңызды.

– Қаржы секторының қауіпсіздігін тұрақтандыру үшін қазіргі сәтте не істеу қажет деп ойлайсыз?

– Қазір банктердің, мемлекеттік органдардың немесе танымал интернет-дүкендердің ресми сайттарына ұқсас жалған парақшалар жасау белең алып тұр. Сол сілтемелер арқылы пайдаланушылар өздерінің банк картасының деректерін (парольдерді, SMS-кодтарды) енгізіп, қаражатынан айырылады. Алаяқтар телефон арқылы «банк жүйесін қорғау» сылтауымен түрлі бағдарламаларды орнатуды сұрайды. Бұл бағдарламалар қылмыскерлерге сіздің мобильді банкингіңізді толық басқаруға мүмкіндік береді. Осы екі дұниені қатаң бақылауға алған жөн.

– Қаржылық алаяқтыққа ұрынбау үшін не істеу қажет?

– Ең бірінші, әрине, сауатты болған абзал. Банк картасының PIN-кодын, CVV/CVC кодын (артындағы 3 таңбалы сан) және ұялы телефонға келген SMS растау кодтарын ешбір жағдайда ешкімге, тіпті өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға да бермеңіз. Егер сізге белгісіз нөмірден хабарласып, ақша немесе жеке деректер туралы айта бастаса, әңгімені үзіп, банктің ресми байланыс нөміріне өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Кез келген компанияға, пирамидаға инвестиция салмас бұрын, оның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми лицензиясы бар-жоғын тексеріңіз. Қазақстанда eGov мобильді қосымшасы немесе веб-порталы арқылы «Несие алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін іске қосыңыз. Бұл сіздің атыңызға заңсыз онлайн несие рәсімделуінің алдын алады. Міне, бастапқы осы ережелерді білсеңіз болды. Өкінішке қарай, осындай ережелерді сақтамайтындар да бар.

Қарлығаш САЙЛАУОВА

Сайт Әкімшілігі