Каспий жағалауынан 200-ге жуық өлі итбалық табылды
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауынан өлген 191 итбалық табылды.
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, табылған итбалықтардың барлығы қатты шіріген. Комитет 15-16 сәуір күндері бұл аумақта қатты батыс бағытындағы дауылды жел соққанын атап өтті.
Аталған дерек 2026 жылғы 17 сәуірде Түпқараған аудандық ішкі істер бөліміне тіркелген.
Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Каспий итбалығын зерттеумен айналысатын ғылыми ұйым – Гидробиология және экология институты мүмкін болған жерлерде өлекселерге сараптама жүргізіп, ішінара сынамалар алған. Ал Маңғыстау облыстық экология департаменті су мен топырақтан үлгілер жинады.
Сонымен қатар, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринарлық қызметі өлекселердің қатты шіріп кетуіне байланысты жұқпалы ауруларға тексеру үшін қажетті патологиялық материал ала алмаған.
Қазіргі уақытта жағалау аумағына мониторинг жалғасып жатыр. Өлекселерді жинау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар Балық шаруашылығы инспекциясымен, «Каспий итбалығы» мемлекеттік кәсіпорнымен және «Qazaq balyk» республикалық қауымдастығымен бірлесіп жүргізуде. Кейін қалдықтар санитарлық талаптарға сай жойылады.
Комитет ғалымдардың пікірін де келтірді. Көпжылдық зерттеулерге сүйенсек, итбалықтардың қырылуына олардың иммунитетінің әлсіреуі себеп болуы мүмкін. Бұл жануарларды түрлі инфекциялық ауруларға осал етеді.
Жағдай тұрақты бақылауда.
Айта кетейік, 17 сәуір күні, таңертең осы аумақта 97 өлі итбалық тіркелген болатын.