Қоғам

Каспийде 17 әскери қызметкерді толқын алып кетті деген ақпарат тарады

Маңғыстау облысында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде төтенше жағдай болғаны туралы ақпарат тарады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Блогер әрі қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, 24 қыркүйекте сағат 11:20 шамасында Ақтаудан 43 шақырым жердегі Каспий жағалауында ауа райының күрт нашарлап, толқынның күшеюінен әскери қызметшілерді су алып кеткен. Оқиға «Omir Glamping» демалыс базасы маңында болғаны айтылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметшілер «Қайсар» кемесінен теңізге түсу жаттығуын орындаған. Сәрсенбаевтың айтуынша, суға 17 адам - 15 матрос, бір офицер және келісімшарт бойынша қызмет ететін бір әскери қызметші түскен.

Блогердің мәліметінше, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша сегіз адамның денесі табылған. Олардың кім екені анықталып жатыр.

Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, Әскери-теңіз күштерінің төрт кемесі, Қорғаныс министрлігінің авиабазасы мен ТЖМ-ға қарасты «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жұмылдырылған.

Әзірге бұл мәліметтерді ресми органдар растаған жоқ. 

Қазақстанның Әскери-теңіз күштері 24 қыркүйекте Каспийдің қазақстандық секторында «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуын өткізгені бұған дейін хабарланған.

Сайт Әкімшілігі