Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізіп жатқан кезде қайғылы оқиға болды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен.
Алдын ала ақпарат бойынша, олардың тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтері дереу жіберілді. Іздеу-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастаған министрлік комиссиясы аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Министрлік іздеу жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер нақтыланған сайын жарияланатынын хабарлады.