Каспийде тағы да итбалықтар қырылып жатыр
2026 жылғы 17 сәуірде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауына жүргізілген мониторинг барысында жағаға шығып қалған итбалықтардың өлекселері табылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, 17 сәуір күні сағат 11:00-дегі жағдай бойынша аудан аумағындағы жағалаудан 97 өлі итбалық анықталған. Мамандардың айтуынша, оларды жағалауға батыстан соққан жел алып келген.
Оқиға орнына «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, әкімдік, полиция, экология департаменті, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы, Гидробиология және экология институты, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы және басқа да тиісті мекемелердің өкілдері барған.
Мамандар арнайы жұмыс тобын құрып, өлген жануарлардан сынамалар алып, қырылудың алдын ала себептерін анықтап, өлекселерді жою жұмыстарын ұйымдастырмақ.
Гидробиология және экология институтының мамандарының болжамынша, итбалықтардың қырылуы бір айдан астам уақыт бұрын болған. Алайда оларды Түпқараған жағалауына тек жақында соққан дауылды батыс желі алып келген болуы мүмкін.
Жағалау аймағын бақылау жалғасуда. Жағдай тұрақты бақылауда.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстандағы Каспий теңізі жағалауынан 400-ден астам өлі итбалық табылған еді.