Қоғам

Каспийде жаңа ұңғыма бұрғыланады: ҚМГ Қытай инвесторларын тартты

Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен қытайлық CNOOC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чуаньцзян Чжан кездесті.

Фото: ҚМГ

Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру және мұнай сервистік саладағы әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы транзиттік аймақта орналасқан «Жылыой» геологиялық барлау жобасы болды. Жоба 50/50 үлеспен жүзеге асырылады. Алайда барлау кезеңін толығымен қытайлық инвесторлар қаржыландырады.

Бұл — CNOOC компаниясының Қазақстан аумағында тікелей инвестиция салып отырған алғашқы жобасы.

Жобаны басқару үшін «Жылыой Оперейтинг» ЖШС құрылған. Қазіргі уақытта 2D сейсмикалық деректерді қайта өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан кейін 400 шаршы шақырым аумақта 3D сейсмикалық барлау жүргізу жоспарланған.

Алынған жаңа деректер талданғаннан кейін алғашқы іздеу ұңғымасының нақты орны белгіленіп, бұрғылау жұмыстары басталады.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» қытайлық серіктестерге Қазақстандағы басқа да геологиялық барлау учаскелеріне қатысуды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚМГ-ның еншілес компаниялары мен CNOOC құрамындағы COSL компаниясы ұңғымаларды бұрғылау және сервистік қызмет көрсету, технология алмасу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды даярлау бағыттарындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ҚазМұнайГаз