Каспийдегі «құлаған нысан»: Ақтау гарнизоны мән-жайды түсіндірді
Маңғыстау облысында Құрық ауылы маңында Каспий теңізіне белгісіз нысан құлағаны туралы видео әлеуметтік желіде таралып, тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды.
Куәгерлер нысанның теңізге жағалаудан алыс емес жерде түскенін айтып, оны анық байқағандарын жеткізген.
Оқиғаға байланысты Ақтау гарнизоны ресми түсініктеме берді. Әскерилердің мәліметінше, 21 сәуір күні Құрық кентінің оңтүстігінде орналасқан теңіз полигонында Әскери-теңіз күштерінің кемелері жоспарлы оқу-жаттығу өткізген. Оның барысында шартты нысаналарға практикалық атыстар жасалған.
Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сай жаттығулар алдында және кейін сигналдық зымырандар қолданылған. Гарнизон өкілдері бейнежазбада көрінген құбылыстар дәл осы оқу-жаттығулармен байланысты екенін атап өтті.
Әскерилер тұрғындарды алаңдамауға шақырып, жағдайдың бақылауда екенін және ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.