Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған үшінші сарбаздың туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады
Бұған дейін әскери қызметшінің есімі оқиғадан аман қалған сарбаздардың қатарында аталған еді.
Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған үшінші әскери қызметші Никита Удаловтың туыстары оның қазіргі жағдайы туралы алғаш рет айтып, әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға қатысты үндеу жариялады.
Никитаның сыныптасы Threads желісінде онымен бірге түскен суреттерін жариялаған. Оның айтуынша, екеуі Орал қаласындағы № 32 мектепте бірінші сыныптан бастап бірге оқыған.
«Тірі қалғаның үшін Аллаға шүкір. Басыңнан өткеннің бәріне қарамастан, арамызда қалғаныңа, даусыңды естіп, жүзіңді көріп, бар екеніңді білгенімізге қуанамыз», – деп жазды ол.
Орал қаласының әлеуметтік желідегі жергілікті парақшаларында тұрғындар әскери қызметшіге тезірек сауығып, үйіне оралуын тілеген. Сондай-ақ оған жақындарының қолдауы мен мамандардың көмегі қажет екенін айтқан.
Кейін Никита Удаловтың ағасының Instagram парақшасында туыстарының үндеуі жарияланды. Олар сарбаздың оқиға кезінде өз бетінше аман қалып, жағалауға жеткенін хабарлады.
«Ол өзі аман қалды, жағдайды бағдарлап, жағаға жетіп, тірі қалды. Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын және нақты не болғанын сұрап жатыр. Бірақ әзірге ол бұл туралы айтуға дайын емес. Мұны түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймыз», – делінген жазбада.
Туыстарының айтуынша, Никита әзірге көпшілік алдына шыққысы келмейді, сұхбат беруге және басынан өткен оқиғаның егжей-тегжейін баяндауға дайын емес. Олар әскери қызметшінің жеке өміріне құрметпен қарауға шақырды.
«Біз адамдардың шындықты білгісі келетінін түсінеміз. Бірақ Никита – ең алдымен адам. Біздің бауырымыз, жақынымыз. Біз оның аман қалғанына шексіз қуаныштымыз», – деп жазды отбасы мүшелері.
Сондай-ақ туыстары оқиғаға қатысты түрлі болжам ойлап тауып, әскери қызметшінің басынан өткен жағдайды сенсацияға айналдырмауды өтінді. Олар қаза тапқан 14 әскери қызметшінің жақындарына көңіл айтып, елге оралмаған сарбаздарды ұмытпауға шақырды.