Саясат

Кәсіпкер Шахмұрат Мұтәліп ERG акцияларының шамамен 40 пайызын сатып алды

Кәсіпкер Шахмұрат Мұталәліпке тиесілі Nature energy solutions Ltd. компаниясы Eurasian Resource Group (ERG) құрамындағы Патох Шодиевтің және Александр Машкевич мұрагерлерінің үлесін сатып алды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы компания 23 мамыр күні хабарлады.

Компания мәліметінше, акционерлік құрамдағы өзгерістер өндірістік бағдарламаларға, қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге, серіктестермен және мемлекетпен жұмысқа әсер етпейді.

Мәміле нәтижесінде Шахмұрат Мұтәліп ERG компаниясының 39,3 пайыз үлесін бақылауына алды. Үлестің нақты қанша қаржыға сатылғаны жарияланған жоқ.

Былтыр Financial Times басылымы Мұтәліптің компаниядағы үлеске қызығушылық танытып отырғанын және құрылтайшылар акциясы үшін 1,4 млрд доллар төлеуге дайын екенін жазған еді.

Қазір ERG акционерлері қатарында Қазақстан мемлекеті – 40 пайыз және Ибрагимовтар отбасы – 20,7 пайыз үлеспен қалып отыр.

Eurasian Resources Group – Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік холдингтердің бірі. Компания құрамына елдің әртүрлі өңірлеріндегі металлургия, тау-кен және энергетика саласындағы кәсіпорындар кіреді.

Көп жыл бойы ERG-дің артында Назарбаев дәуіріндегі ықпалды олигархтар – «еуразиялық үштік» аталған Александр Машкевич, Патох Шодиев және Әлижан Ибрагимов тұрған болатын. Әлижан Ибрагимов 2021 жылы, Александр Машкевич 2025 жылдың наурызында қайтыс болды.

35 жастағы Шахмұрат Мұтәліп соңғы уақытқа дейін көпшілікке аса танымал болмаған. Бірақ Integra Construction KZ компаниясын сатып алғаннан кейін ол мемлекеттен миллиардтаған долларлық келісімшарттар алатын ірі мердігер ретінде жиі айтыла бастады.

Оған қатысы бар құрылымдар Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы мен Қашағандағы газ өңдеу зауыты жобалары бойынша да ірі келісімдер алған.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі – «Алтыналмасты» сатып алған. Бұған дейін бұл компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа, кейін «Қазақмыс» тобына иелік еткен олигархтарға тиесілі болған.

Биыл Forbes Kazakhstan алғаш рет Шахмұрат Мұтәліпті ең бай кәсіпкерлер рейтингіне енгізіп, оның байлығын 482 млн доллар деп бағалады.

Сайт Әкімшілігі