Қоғам

Кәсіпкерліктегі ерекше жандар феномені

Қазіргі заманның білім беру кеңістігі мен кәсіпкерлік мәдениеті тек экономикалық тиімділік пен нарықтық табыс өлшемдерімен ғана шектелмейді. Бүгінгі адамзат өз болмысына, рухани-адамгершілік өзегіне қайта үңіле бастады.

Фото: ашық дереккөз

 Әлемдік деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлік, инклюзивті экономика, адам капиталының сапасы туралы пікірлер күшейген сайын тұлғаны тек табысқа жетуші субъект ретінде көру өзектілігін жойды. Адамзатты ішкі қарсылық пен күреске, моральдық жауапкершілікке және қоғам алдындағы парызға ие тұтас болмыс ретінде қарастыру қажет екенін терең түйсініп жүргеніміз шын қуаныш. Осындай интеллектуалдық және мәдени ізденістердің тоғысында Абайдың «толық адам» ұғымын заманауи бизнес тәжірибелерімен ұштастырған ерекше зерттеу-білім беру жобасы дүниеге келді.

«Толық адамның 45 келбеті» атты еңбектің авторы – профессор, Nazarbayev University жанындағы Кәсіпкерлік зерттеу орталығының директоры Шумайла Юсуфзай. Оның жетекшілігімен және орталықтың зерттеу тобының бірлескен еңбегі нәтижесінде әзірленген кітап кәсіпкерлікті ең алдымен ішкі құндылықтар, рухани беріктік, адамгершілік жауапкершілік және тұлғалық кемелдену кеңістігі ретінде қарастырады. Сол себепті бұл еңбек бизнес пен философияның, тәжірибе мен ойдың, өмірлік тағдыр мен теориялық тұжырымның тоғысқан нүктесінде пайда болған кешенді интеллектуалдық өнім ретінде сарапшылар арасында жоғары бағаланып жатыр.

Кітаптың негізіне ерекше тағдыр иелері – мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің 45 өмірлік оқиғасы алынған. Кітап әрбір адамның өмір жолы арқылы қоғамның күрделі құрылымын, әлеуметтік мүмкіндіктер мен шектеулердің арақатынасын, адамның ішкі ерік-жігерінің шексіз әлеуетін көрсететін терең гуманистік зерттеу. Әрбір оқиға Абай Құнанбаевтың қара сөздері арқылы баяндалып, сол арқылы философиялық ой мен нақты өмірлік тәжірибе арасында көпір орнатылады. Осы еңбекте «Толық адам» концепциясы жаңа қырынан ашылады. Абайдың ой жүйесіндегі ақыл, жүрек және ерік үйлесімі бұл жинақта нақты адамдардың өмірлік тәжірибесі арқылы дәлелденеді. Яғни теориялық модель абстрактілі деңгейде қалмай, нақты әлеуметтік субъектілердің тағдырында көрініс тауып, өмірмен тікелей байланысқа түседі. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра өз кәсібін бастап, дамытып, қоғамға пайда әкеліп жүрген 45 кәсіпкердің әрқайсысы ішкі рухани күштің, төзімділіктің және интеллектуалдық табандылықтың символына айнала алған.

Елордадағы Nazarbayev University қабырғасында өткен «Толық адамның 45 келбеті» атты кітаптың тұсаукесері осы идеялардың қоғамдық кеңістікке шығуына түрткі болған маңызды интеллектуалдық оқиға болды.

Осы тұста мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіптегі орны туралы мәселе ерекше маңызға ие. Дәстүрлі қоғамда мұндай жандар көбіне әлеуметтік қолдауға мұқтаж топ ретінде қарастырылып, олардың әлеуеті толық ашылмай келгені жасырын емес. Ал қазіргі инклюзивті даму ұстанымдары бұл көзқарасты түбегейлі өзгертуді талап етеді. Кәсіп дегенің – әртүрлі өмірлік жағдайдағы тұлғалардың табыс, талқы алаңы. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің тәжірибесі осы сөзімізге айқын мысал бола алар еді. Мұндай қуатты жандар үшін бизнес табыс көзінен бөлек қоғаммен байланыс, өз орнын табу, өзін мойындату тәсіліне айналады.

Бұл адамдардың кәсіптегі орны көбіне олардың ішкі ресурстарына байланысты қалыптасады. Көп жағдайда инфрақұрылымдық шектеулер, қоғамдық стереотиптер, қаржылық қолжетімділіктің төмендігі сынды түрлі кедергілер ерекше жандардың жігерін жасыта алмайды, керісінше, жаңа шешімдер іздеуге итермелейтіні анық. Осындай жағдайда кәсіпкерлік олардың өміріндегі бейімделу механизмін өмір салтына айналдыра алған. Яғни олар өз тағдырын өзгертіп қана қоймай, қоғамдағы көзқарасты да өзгерте алатын күшке ие. Тұсаукесер барысында Nazarbayev University президенті, профессор Ахмат Вакар қоғамдағы әрбір адамның орны туралы ойды ерекше атап өтті.

«Абай Құнанбаевтың «Кетігін тап та, бар қалан!» деген дана сөзін еске салғым келеді. Бұл қарапайым өлең жолдарында терең мағына жатыр. Әрқайсымыздың бұл дүниеде өз орнымыз бар және қоғам тек саусақпен санарлық адамдар табысқа жеткенде емес, әрбір жан өз орнын тауып, абыроймен еңбек еткенде ғана қуатты болады. Бүгін біз тек кітаптың шығуын емес, нағыз тұлғаларды ұлықтап отырмыз», – деді Ахмат Вакар.

Зерттеу жобасының жетекшісі Шумайла Юсуфзайдың 2019 жылы Қазақстанға келген кездегі жеке бақылаулары да бұл еңбектің пайда болуына тікелей әсер еткен маңызды фактор ретінде көрінеді. Оның айтуынша, сол кезеңде қала кеңістігінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың аз көрінуі әлеуметтік инклюзия мәселесінің толық шешілмегенін байқаған. Бұл бақылау ғылыми қызығушылыққа айналып, кейін жүйелі зерттеуге ұласқан. Нәтижесінде ол Абайдың философиялық мұрасын өмірлік практикада қолдана отырып, өз ісін дамытқан кәсіпкерлерді анықтап, олардың тәжірибесін жинақтау арқылы жаңа интеллектуалдық жинақ дайындауды қолға алған. Бұл еңбекте ұсынылған 45 өмірлік оқиға тек жеке табыс тарихы әрі күллі қоғамдағы әлеуметтік трансформацияның көрінісі іспетті. Мұндай кәсіпкерлердің қызметі көбіне әлеуметтік мәнге ие болады. Олар тек жеке табысқа ұмтылмай, өздеріне ұқсас адамдарға қолдау көрсетуге, жаңа мүмкіндіктер ашуға тырысады. Бұл тұрғыда олардың бизнесі белгілі бір деңгейде миссиялық сипатқа ие. Олар құрған жобаларда адамгершілік, жанашырлық, жауапкершілік секілді құндылықтар айқын көрініс табады. Кітапта әрбір кейіпкердің жолы қоғамдағы стереотиптерді бұзып, мүмкіндіктің шекарасы ішкі сенімімен және интеллектуалдық еркімен өлшенетінін тағы бір дәлелдейді. Осылайша «Толық адам» ұғымы тек философиялық категория күйінде қалмай, нақты өмірлік модель ретінде көрініс табады.

Сәруар Бақберген

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: кітап