Катардағы зауытағы жарылыстан 54 жұмысшы зардап шегіп, 18 адам жоғалды
Катардың әлемдегі ең ірі мұнай-газ кешендерінің бірі орналасқан Рас-Лаффан өнеркәсіптік аймағында жарылыс болды. Салдарынан 54 адам жарақат алып, 18 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында тіркелді.
Катар Ішкі істер министрлігі X әлеуметтік желісінде жариялаған мәліметке сәйкес, оқиғаға «ішкі өндірістік апат» себеп болған.
«Оқиға Рас-Лаффан өнеркәсіптік ауданындағы зауыттардың бірінде өндіріс барысында техникалық ақау салдарынан болды. Нәтижесінде бірнеше адам жарақат алды. Адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін мәселе тіркелген жоқ. Оқиғамен құзырлы органдар айналысып жатыр», – делінген ведомствоның алғашқы хабарламасында.
Өнеркәсіптік кешеннің иесі – Катардың мемлекеттік энергетикалық компаниясы QatarEnergy де өндірістік оқиға болғанын растады. Компания мәліметінше, 21 маусым күні кешке Barzan газ тарату нысанында жарылыс пен өрт шыққан.
Өртті сөндіруге авариялық-құтқару бригадалары жұмылдырылып, қазіргі уақытта жалын бақылауға алынған.
Рас-Лаффан өнеркәсіптік аймағы Катар астанасы Дохадан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 80 шақырым жерде орналасқан. The Moscow Times басылымының жазуынша, кешен құрамына 14 өндірістік желі, бірнеше өңдеу кәсіпорны және сұйытылған табиғи газды (СПГ) экспорттайтын порт кіреді.
Журналистердің мәліметінше, бұл өнеркәсіптік кластер әлемдік сұйытылған газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызын қамтамасыз етеді.
AFP агенттігінің еске салуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғаннан кейін Катар бірнеше рет Иран шабуылдарының нысанасына айналған. Солардың қатарында Рас-Лаффан өнеркәсіптік аймағы да болған.
Алғашқы шабуыл 2 наурызда жасалып, сол кезде QatarEnergy сұйытылған газ және оған қатысты өнімдер өндірісін уақытша тоқтатқан. Кейін 18-19 наурыз күндері қайталанған зымыран соққылары кәсіпорынға айтарлықтай залал келтірген.
Мәліметтерге сәйкес, зауыттың кемінде екі өндірістік желісі бүлініп, Катардың СПГ экспорттық қуатының шамамен 17 пайызы жоғалған. Иран соққыларынан кейін кәсіпорын соңғы үш ай бойы толық жұмыс істемеген.
Сарапшылардың бағалауынша, өндірісті толық қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болуы мүмкін.