Қатерге қарсы қамданған қала
Төтенше жағдайдың салдарын жоюдан гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан бүгінде Шымкент қаласында қауіпсіздік мәселесі тек құтқару қызметтерінің міндеті ретінде емес, қала инфрақұрылымын дамыту, халықты ақпараттандыру және түрлі қызметтердің бірлескен іс-қимылын жетілдірумен сабақтас кешенді бағыт ретінде қарастырылып отыр. Әсіресе су тасқыны, өрт, судағы жазатайым оқиғалар және балалар қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық жұмыстарға басымдық берілуде.
Шымкент сияқты халқы тығыз орналасқан ірі мегаполис үшін төтенше жағдайлардың алдын алу – тұрақты назарды қажет ететін мәселе. Қала аумағының кеңеюі, жаңа тұрғын алаптардың пайда болуы, инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы қауіпсіздік жүйесін де үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мемлекеттік қызметтермен бірлесіп, ықтимал қатерлерді алдын ала анықтауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Шымкент үшін табиғи қауіптердің бірі – нөсер жауыннан кейінгі су басу қаупі. Сондықтан бұл бағыттағы дайындық төтенше жағдай туындаған сәтте емес, қауіп маусымы басталмай тұрып жүргізіледі.
2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысында өзен арналары, каналдар мен ирригациялық жүйелер тазартылып, гидротехникалық нысандардың жағдайы тексерілді. Ресми мәліметке сәйкес, 300 шақырымнан астам канал тазартылып, 42 мың метрден астам ирригациялық желі орнатылды. Сонымен бірге өзен жағалауларын бекіту, су өткізу қабілетін арттыру және су жинақталатын аумақтардағы қауіптерді азайту жұмыстары жүргізілді.
Мұндай шаралардың маңызы зор. Өйткені су тасқынының зардабы тек табиғи факторға емес, инженерлік инфрақұрылымның дайындығына да байланысты. Каналдың бітелуі, арықтардың қоқысқа толуы немесе су өткізетін нысандардың өткізу қабілетінің төмендеуі жауын-шашын кезінде қауіптің күшеюіне әкелуі мүмкін.
Осыны ескере отырып, қалада су басу қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізіліп, өзен арналары мен су қоймалары бақылауда ұсталады. Сонымен қатар аэровизуалды шолу арқылы қауіпті учаскелер анықталады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда Шымкентте 2 440-қа жуық маман, 842 техника және 94 мотопомпа жұмылдыруға дайындалған.
Ал «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы кезінде бұл дайындықтың практикалық мүмкіндігі тексерілді. Жаттығу барысында өзен арналарын тазарту, жағалауларды нығайту, дамбаларды бекіту, су басқан аумақтардан суды шығару және жол қозғалысын ұйымдастыру секілді нақты іс-қимылдар пысықталды. Оған азаматтық қорғау қызметтерімен бірге Ұлттық ұлан әскери бөлімдері де тартылды.
Яғни қазіргі тәсілдің ерекшелігі – төтенше жағдайға тек техникалық тұрғыдан дайын болу емес, әр қызметтің нақты міндетін алдын ала айқындау.
Шымкентте жаз мезгілінде өзекті болатын тағы бір мәселе – өрт қауіпсіздігі. Құрғақ шөптің тұтануы, рұқсатсыз қоқыс жағу және жоғары температура табиғи өрттің таралу қаупін арттырады. Осыған байланысты қалада өрт қауіпті кезеңге дайындық алдын ала жүргізіледі. Орман және дала өрттерінің таралуына тосқауыл қою үшін 2026 жылы 586 шақырым минералды жолақ жасалған. Бұл шара өрттің бір аумақтан екінші аумаққа таралуын шектеуге мүмкіндік береді.
Мұнымен қатар мамандардың дайындығын тексеруге де ерекше мән берілуде. Мамыр айында өткен «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында Шымкентте орман-дала аумағындағы шартты өртті сөндіру, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру және түрлі қызметтердің өзара әрекетін ұйымдастыру сценарийі пысықталды. Оқу-жаттығуға 134 маман мен 37 техника жұмылдырылды.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Өрттің алдын алу тек өрт сөндірушілердің жұмысына тәуелді емес. Қала тұрғындарының қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы да үлкен рөл атқарады. Құрғақ шөпті өртемеу, қоқысты рұқсатсыз жақпау, табиғат аясында отты қараусыз қалдырмау – ірі өрттің алдын алатын қарапайым әрекеттер.
Сондықтан түсіндіру жұмыстары да күшейтіліп отыр. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары және түрлі профилактикалық акциялар арқылы ескерту жасап келеді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу дегенде табиғи апаттар ғана емес, күнделікті тұрмыста орын алатын қайғылы жағдайлардың да алдын алу маңызды. Соның бірі – балалардың терезеден құлауы.
Шымкентте бұл бағыттағы мәселе әлі де өзекті. 2026 жылдың басынан бері қалада балалардың терезеден құлауына байланысты 9 жағдай тіркеліп, төрт бала қаза болған, бес бала жарақат алған. Негізгі себептердің бірі – балаларды ересектердің қараусыз қалдыруы.
Осыған байланысты ТЖ департаменті тұрғын үйлерді аралап, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Көпқабатты үйлердің терезелеріне арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатудың тиімділігі көрсетіліп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптары түсіндірілуде.
Жыл басынан бері жеке кәсіпкерлермен бірлесіп тұрғын үйлердің терезелеріне 209 қауіпсіздік бекіткіші орнатылған. 12 766-дан астам тұрғын қамтылып, 467 кездесу өткізілген және 13 мыңнан астам жадынама таратылған. Бұл жұмыстардың бір ерекшелігі – қауіпсіздік туралы ақпаратты халыққа күнделікті өмірде кездесетін қарапайым форматтар арқылы жеткізу. Мәселен, ата-аналар чаттары, ОСИ және үй комитеттері арқылы арнайы брошюралар таратылып, тұрғындарға нақты сақтық шаралары ұсынылуда.
Жаз мезгілінде судағы қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Шымкентте су айдындарындағы қауіптің алдын алу үшін рейдтер, түсіндіру жұмыстары және ақпараттық акциялар тұрақты өткізіледі.
Қалада жаппай демалысқа арналған бес орын белгіленген, оның үшеуінде ғана шомылуға рұқсат берілген. Сонымен бірге шомылуға тыйым салынған қауіпті учаскелер анықталып, ескерту белгілері орнатылуда.
Тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру үшін «112» қызметі арқылы SMS-хабарламалар жіберіліп, LED-экрандар мен әлеуметтік желілерде бейнероликтер көрсетіледі. Мұндай ақпараттық жұмыстың мәні – азаматқа қауіпсіздік ережесін төтенше жағдай кезінде емес, одан бұрын жеткізу.
Себебі судағы қайғылы оқиғалардың көпшілігі қауіпсіздік талаптарын сақтамау немесе тыйым салынған жерде шомылумен байланысты. Сондықтан құтқарушылардың басты ескертуі өзгермейді: балаларды су маңында қараусыз қалдырмау, тек рұқсат етілген орындарда шомылу және белгіленбеген аумақтарға бармау.
Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу мәдениеті отбасынан, мектептен, тұрғын үй ауласынан басталуы тиіс. Баланың терезеге жақындамауын қадағалау, суға түсу кезінде қауіпсіздік талабын сақтау, электр және газ құрылғыларын дұрыс пайдалану, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзбау – қоғамның жалпы қауіпсіздігіне қосылған үлес.
Жігер Әшім
Шымкент қаласы