Қауіпсіздік формуласы: Қазақстан терроризм қаупі төмен елдер қатарында
Мемлекеттің қазіргі геосаяси кеңістіктегі орны тек экономикалық немесе дипломатиялық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар оның ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздік деңгейі де мемлекеттің беріктігінен хабар беретін фактор. Әлемде қауіпсіздік мәселесі күрделеніп, терроризм қаупі бірқатар елдер үшін әлі де өзекті проблема болып отырған шақта қоғамның тыныштығына жетері жоқ.
2026 жылға арналған Жаһандық терроризм индексінің деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарына кірді. Бұл көрсеткіш 2026 жылға арналған Жаһандық терроризм индексінің (GTI) деректерінде көрсетілген.
Қазақстанмен қатар дәл осындай нөлдік деңгейге Қырғызстан, Түрікменстан және Молдова секілді елдердің де қол жеткізуі аймақтық қауіпсіздік контекстінде белгілі бір тұрақтылық белдеуінің қалыптасып келе жатқанын аңғартатын сияқты. Дегенмен әр мемлекеттің бұл нәтижеге жету жолы әртүрлі факторларға негізделгені анық. Қазақстан жағдайында қауіпсіздіктің жоғары деңгейі жүйелі әрі көпқабатты тәсілдің нәтижесі ретінде көрінеді. Мұнда күштік құрылымдардың нәтижелі жұмысымен қатар, сонымен бірге стратегиялық жоспарлау, технологиялық жаңғыру және халықаралық ынтымақтастық секілді маңызды бағыттардың үйлесімінің көп септігі тиіп тұр. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде 1960-жылдардан бері 210 мыңнан астам террористік шабуыл тіркелген, ал тек 2023 жылдың өзінде шамамен 3 350 шабуыл болып, 8 000-нан астам адам қаза тапқан екен. Ал елдегі қауіпсіздік инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жаңартылып, стратегиялық маңызы бар нысандар – әуежайлар, теміржол желілері, энергетикалық кешендердің бәрі дерлік үздіксіз бақылауда ұстайды. Бұл бақылау тек физикалық күзетпен шектелмей, цифрлық технологиялардың көмегімен күшейіп жатыр. Бейнебақылау жүйелері, деректерді жедел талдау құралдары және ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік беретін интеллектуалды платформалар қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Мұндай тәсіл қауіптің салдарын жоюдан гөрі, оның алдын алуға бағытталған жаңа парадигманың қалыптасқанын аңғартады. Әлеуметтанушы Жанат Жақсыбайдың айтуынша, терроризм қоғамның әлеуметтік құрылымын бұзып, сенім дағдарысын тудырады.
«Шетел тәжірибесіне көз жүгіртсек, әр ел терроризммен күресте әртүрлі стратегия қолданады. Еуропа елдері көбіне алдын алу шараларына, әсіресе білім беру мен әлеуметтік интеграцияға басымдық береді. Мысалы, Германия мен Францияда жастар арасындағы радикалданудың алдын алу үшін арнайы бағдарламалар енгізіліп, мектептерде сыни ойлау мен медиасауаттылықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ал Сингапур тәжірибесі қоғам мен дін көшбасшылары арасындағы диалог арқылы экстремизмнің алдын алуға бағытталған. Бұл елде радикалданған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру бағдарламалары тиімді нәтиже көрсеткен. АҚШ-та болса, терроризмге қарсы күресте қауіпсіздік қызметтерімен қатар цифрлық кеңістікті бақылау және онлайн экстремизммен күрес басты бағыттардың біріне айналған. Террористік актілерден кейін қоғамда қорқыныш күшейіп, адамдар арасындағы әлеуметтік байланыстар әлсірейді, ал мемлекет пен азамат арасындағы сенімге сызат түседі. Сонымен қатар терроризм экономикалық дамуға да кері әсер етеді: инвестициялар азаяды, туризм құлдырайды, инфрақұрылым бұзылады. Кейбір елдерде терроризм ұзақ мерзімді саяси тұрақсыздыққа әкеліп, тіпті мемлекеттің әлсіреуіне немесе күйреуіне дейін жеткізуі мүмкін. Мысалы, соңғы деректер бойынша, терроризмнен болған өлім-жітімнің 90 пайыздан астамы қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтарда орын алады, бұл арқылы терроризм мен соғыс арасындағы тығыз байланыс барын білсек болады», – дейді маман.
Бүгінде күштік құрылымдардың қызметі де жаңа деңгейге көтерілгенін байқауға болады. Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру мақсатында тұрақты түрде өткізілетін оқу-жаттығулар, түрлі сценарийлерді модельдеу арқылы жүзеге асатын дайындық жұмыстары – қауіпсіздік мәдениетінің институционалдық сипат алғанының белгісі. Сонымен қатар аймақтық және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл да маңызды рөл атқарады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі бірлескен операциялар тәжірибе алмасуға, ортақ қауіптерге қарсы үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік берері анық. Алайда қазіргі қауіпсіздік түсінігі тек әскери немесе құқық қорғау шараларымен шектелмейді. Терроризмнің басты себептерін талдағанда, ең алдымен әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен саяси тұрақсыздық алға шығады. Зерттеулер көрсеткендей, террористік ұйымдар көбіне басқару жүйесі әлсіз, кедейлік деңгейі жоғары, қоғам ішінде қақтығыс пен сенімсіздік терең елдерде белсенді болады. Мысалы, қазіргі уақытта терроризмнің негізгі ошақтарының бірі саналатын Сахель аймағында (Африка) экстремистік топтардың күшеюі дәл осы факторлармен байланысты. 2024 жылы терроризмнен ең көп зардап шеккен он елдің алтауы осы өңірге тиесілі болған. Терроризмнің жаңа формалары көбіне идеологиялық және ақпараттық кеңістікте пайда болатынын ескерсек, радикалданудың алдын алу бағытындағы жұмыстар ерекше маңызға ие. Қазақстанда бұл бағытта білім беру жүйесі арқылы кешенді жұмыстар жүргізілмек. Соңғы жылдары терроризм сипаты да өзгеріп келеді. Егер бұрын террористік әрекеттер көбіне ұйымдасқан топтар арқылы жүзеге асса, бүгінде «жалғыз қасқыр» (lone wolf) деп аталатын жеке тұлғалардың шабуылдары жиілеген. 2026 жылғы Жаһандық терроризм индексіне сәйкес, Батыс елдеріндегі өліммен аяқталған шабуылдардың 93 пайызы дәл осындай жеке орындаушылардың үлесінде. Сондықтан мектептер мен жоғары оқу орындарында бүгінде жастарға сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, ақпаратты саралай білу, жалған ақпарат пен экстремистік насихатты ажырата алу қабілетін дамытуға бағытталған бағдарламалар енгізілген.
С.Бақберген