Қауіпсіздік Кеңесінің институционалдық рөлін нақтылау ұлттық қауіпсіздік жүйесін жаңа деңгейге көтереді
Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік жүйесін институционалдық тұрғыдан одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам жасалды.
Мемлекет басшысының шешімімен Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының қызметі, функциялары мен жауапкершілік аясы нақтыланып, қауіпсіздік, қорғаныс және құқықтық тәртіп салаларындағы міндеттерді іске асыру тетіктері күшейтілді.
Жаңа модель Қауіпсіздік Кеңесінің стратегиялық бағыттардағы жұмысын жүйелеуге, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге және шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, ақпараттық кеңістік және жасанды интеллект сияқты жаңа сын-қатерлер жағдайында бұл бағыттардың маңызы артып отыр.
Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының жаңартылған институционалдық рөлі Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан қандай мүмкіндіктер береді? Мемлекет басшысының бұл шешімінің басқару жүйесі үшін маңызы неде? Осы және басқа да мәселелерге саясаттанушы Шарип Ишмұхамедов жауап берді.
— Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының институционалдық рөлін күшейту туралы шешімін қалай бағалайсыз? Бұл қадам қазіргі сын-қатерлерге қаншалықты сәйкес келеді?
— Қазіргі кезеңде Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының институционалдық рөлі жаңа деңгейде нақтыланып отыр. Бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесінің Үкімет қызметіне қатысты өкілеттіктері кең ауқымды болса, қазіргі өзгерістер оның функциялары мен жауапкершілік аясын нақты айқындауға бағытталған. Бұл мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қауіпсіздік Кеңесі өзінің Аппараты және нақты белгіленген функциялары бар институционалдық құрылым ретінде қалыптасып отыр. Мұндай тәсіл оның қызметінің негізгі бағыттарын айқындап, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүйелеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, қауіпсіздік пен қорғаныс салаларына қатысты жекелеген міндеттер Қорғаныс министрлігі және ұлттық қауіпсіздік органдары сияқты мемлекеттік құрылымдардың да құзыретіне кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Қауіпсіздік Кеңесінің қауіпсіздік, ақпарат және қорғаныс салаларындағы нақты бағыттарға жауапкершілігін айқындау оның институционалдық рөлін күшейте түседі. Бұл мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмысты арттырып, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша жауапкершілікті нақты бөлуге және шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
— Президент қол қойған Жарлық Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жүйелі әрі стратегиялық ұстанымын көрсетеді деп айтуға бола ма? Бұл шешімнің басты басқарушылық маңызы неде?
— Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінің, оның Аппаратының жұмысы мен функцияларын, сондай-ақ есептілігін нақтылау туралы шешімі Қазақстанның қауіпсіздігі мен егемендігін қорғау тиімділігін арттырады.
Бұл шешімнің басты басқарушылық маңызы – Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесінің жауапкершілік аясын нақты айқындау және олардың өзара іс-қимылын жүйелеу. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің Қазақстанның ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне, қорғаныс саласына қатысты жекелеген мәселелер бойынша жүйелі жауапкершілігін арттырады.
— Құжатта киберқауіпсіздікке, дербес деректерді қорғауға және жасанды интеллектіні пайдалануға ерекше назар аударылған. Бүгінде бұл бағыттар неліктен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналып отыр? Президенттің бұл шешімі қаншалықты уақтылы қабылданды? Осы мәселелер аясында Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне Аида Балаеваның тағайындалуын қалай бағалайсыз?
—Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының институционалдық тұрғыдан нақтылануы және жауапкершіліктің жүйеленуі Қазақстанның киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, дербес деректерді қорғау, сондай-ақ жасанды интеллектінің интернеттегі дамуы мен ықпалына байланысты тәуекелдерді бағалау бағыттарындағы тиімділігін арттырады.
Бұл дер кезінде қабылданған әрі маңызды шешім. Себебі Қазақстан жаһандық ақпараттық кеңістіктің бір бөлігі ретінде ақпараттық қауіпсіздікке қатысты үдерістерді жүйелі түрде бақылап, оларды алдын ала бағалап отыруы қажет. Сонымен қатар еліміздің геосаяси орналасуы қауіпсіздікке қатысты түрлі бағыттарды кешенді түрде зерделеуді талап етеді. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін тәуекелдер мен жаңа үрдістерді жүйелі түрде зерттеу маңызды.
Ал Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне Аида Балаеваның тағайындалуына келсек, бұл ақпараттық қауіпсіздік бағытын одан әрі дамыту тұрғысынан маңызды қадам деп бағалаймын. Оның білімі, мол кәсіби тәжірибесі және осы саладағы қалыптасқан байланыстары Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға, ақпараттық егемендігін қамтамасыз етуге және ақпараттық тәуелсіздікті одан әрі дамытуға өз үлесін қоса алады.
Аида Балаева бұған дейін түрлі салаларда еңбек етіп, маңызды бағыттарға жетекшілік етті. Осы тәжірибе жаңа қызметінде де тиімді қолданылып, ұлттық қауіпсіздіктің ақпараттық құрамдас бөлігін дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыт оның кәсіби әлеуетін одан әрі кеңейтіп, жинақтаған тәжірибесін стратегиялық маңызы бар салада пайдалануға жол ашады.
Ақпараттық қауіпсіздік саласы жоғары кәсіби біліктілікті, жүйелі көзқарасты және заманауи шешімдерді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Аида Балаеваның тәжірибесі мен кәсіби әлеуеті Қауіпсіздік Кеңесінің осы бағыттағы жұмысын күшейтіп, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады деп есептеймін.
— Аида Балаеваның бұған дейінгі кәсіби тәжірибесі Қауіпсіздік Кеңесінің міндеттеріне қаншалықты сәйкес келеді және оның қандай құзыреттері осы қызметте ерекше қажет болуы мүмкін?
— Иә, Аида Балаева – жаңа басшы. Оның бұл қызметті абыроймен атқарып, жоғары нәтижелер көрсететініне сенеміз.
Бұл қызметте ең алдымен Мемлекет басшылығының шешімдері мен тапсырмаларын нақты әрі тиімді орындау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Аида Балаеваның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесі жаңа қызметінде үлкен пайдасын тигізеді.
Сонымен қатар оның Президент көмекшісі болып жұмыс істеген кезеңдегі тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Бұл қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы байланысты нығайту айрықша маңызды болған кезең еді. Аида Балаева халықпен көптеген кездесулер өткізіп, азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін тікелей зерделеуге, оларды жүйелеуге және тиісті тапсырмалардың орындалуын бақылауға баса мән берді. Осы жұмыс қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға өз үлесін қосты деп ойлаймын.
Оның халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеудегі тәжірибесі де жаңа қызметінде маңызды болады. Әсіресе қоғамдық сұраныстарды дер кезінде анықтау, өзекті мәселелерді жүйелеу және оларды шешу тетіктерін қалыптастыру тұрғысынан бұл тәжірибенің маңызы зор.
Қауіпсіздік Кеңесі өз қызметінде қоғамның пікірін де ескеруі маңызды. Әлеуметтік желілердегі қоғамдық ахуалды зерделеу, азаматтарды толғандыратын мәселелерді дер кезінде анықтау және олар бойынша тиісті шешімдер қабылдау – маңызды бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда Аида Балаеваның халықпен, қоғаммен және ақпарат құралдарымен жұмыс істеу тәжірибесі жаңа қызметінде тиімді қолданылатынына сенемін.
— Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасарына берілген жаңа өкілеттіктер мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібі мен өзара үйлесімді жұмысын қалай арттыра алады? Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау тиімділігін арттырады деп күтуге бола ма?
— Қауіпсіздік Кеңесіндегі жаңа институционалдық өзгерістер мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл ретте мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мен атқарушылық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді тетіктері қалыптасады.
Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі рөлі – Қазақстанның қауіпсіздік, қорғаныс және құқықтық тәртіп салаларындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде бағалап, осы бағыттардағы мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына ықпал ету. Жаңа өкілеттіктер осы бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жүйелеуге мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары институтының енгізілуі қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтіп, стратегиялық міндеттердің орындалуын үйлестіруге ықпал етеді. Әсіресе қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мәселелерінде шешімдердің жедел әрі нақты қабылдануы маңызды.
Сондықтан жаңа модель мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиісті бағыттар бойынша уақтылы әрі сапалы орындауға қосымша мүмкіндік береді деп есептеймін.
— Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін дербес мемлекеттік орган мәртебесін алады. Мұндай модель жеделдік пен жауапкершілік тұрғысынан қандай артықшылықтар береді?
— Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратының дербес мемлекеттік орган мәртебесін алып, Президентке тікелей бағынышты әрі есеп беретін құрылым ретінде жұмыс істеуі қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп салаларындағы мәселелерді жедел, нақты әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Бұл әсіресе киберқылмыс, ақпараттық кеңістік, интернет, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер сияқты қазіргі кезде ерекше маңызға ие бағыттарға қатысты. Осы салаларда Қауіпсіздік Кеңесінің жедел әрекет етіп, заманауи әрі тиімді шешімдер ұсына алуы маңызды.
Қауіпсіздік Кеңесіне қатысты бұл Жарлық Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғауды күшейтіп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, интернет пен әлеуметтік желілер кеңістігіндегі қауіпсіздікті нығайтуға және еліміздің егемендігін одан әрі бекемдеуге ықпал етеді.
Бұл шешімнің маңызды тұсы – Қауіпсіздік Кеңесінің жауапкершілік аясының нақтылануы және оның басшылығына елімізге белгілі әрі тәжірибелі маманның келуі. Сонымен қатар Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесінің өзара іс-қимылының айқындалуы мемлекеттік басқару жүйесінің үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа институционалдық модель Қауіпсіздік Кеңесінің стратегиялық бағыттардағы жұмысын күшейтіп, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді деп есептеймін.