Қоғам

Қайынжұртын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев сотта соңғы сөзін айтты

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамнан тұратын бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев соттағы соңғы сөзін сөйледі.

Фото: Zakon.kz/Динара Канбетова

Сот отырысында тараптардың жарыссөзі өтіп, мемлекеттік айыптаушылар соттан айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтеуді сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың ересек балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталып отыр.

Соңғы сөзінде айыпталушы өз әрекеті үшін жауапкершілікті мойындайтынын айтып, қандай жаза тағайындалса да өтеуге дайын екенін жеткізді. Алайда ол қылмысты пайдакүнемдік мақсатта немесе өзге бір қылмысты жасыру үшін жасады деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді.

«Өз қолыммен жасаған ісіме толық жауап беруге дайынмын. Тергеуден де, сот алдындағы жауапкершіліктен де қашқан емеспін. Өмір бойына бас бостандығынан айырылсам да дайынмын. Бірақ оларды ақша үшін немесе басқа қылмысты жасыру мақсатында өлтірдім дегенмен келіспеймін», – деді Сәрсемалиев.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға пайдакүнемдік ниеттен емес, марқұмдармен арада туындаған жанжалдың салдарынан болған.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі