Қайыршақтыдағы текетірес: Алтын қымбат па, ауылдың тағдыры қымбат па?
Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Қайыршақты ауылының тұрғындары «Жас Алаш» газетінің редакциясына хабарласып, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені айтып жүгінді.
Олардың сөзінше, ауыл маңында алтын барлау жұмыстары басталғалы бері елдің тіршілік көзіне айналған өзен суы лайланып, жайылымдық жерлер қазылып, тұрғындардың егін егуі мен мал суаруы қиындаған. Ал жергілікті әкімдік бұдан хабардар болғанымен мәселе шешілмеген. «Жас Алаш» мән-жайды анықтау үшін Қайыршақты ауылына арнайы барып, ашынған тұрғындардың уәжін тыңдап қайтты.
Қайыршақты – таудан аққан суға қарап отырған ауыл. Мұндағы жұрттың күнделікті тіршілігі, егіншілік пен мал шаруашылығы, бау-бақша суару жұмыстары сол өзенге тікелей байланған. Алайда кейінгі жылдары ауыл маңындағы жерді жеке кәсіпкерлер қоршап алып, қазба жұмыстарын жүргізе бастағалы бері жағдай қиындап кеткен. Ауыл тұрғындары алтын барлау жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта өзен арнасы бұрылғанын, соның салдарынан су лайланып кеткенін айтады. Бұдан бөлек, жайылымдық жердің қазылып, терең орға айналғанына алаңдайды.
Біз Шымкент маңындағы таулы аймақта орналасқан ауылға түс мезгілінде жеттік. Ауыл тұрғындары әкімдік алдына жиналып, бізді күтіп тұр екен. «Жас Алаш» арқылы мемлекет басшысына жүгінуден басқа амалымыз қалмады» деп ашынған тұрғындар жанайқайын таласа айтты.
«Мал түгілі, адам өте алмайды»
Ауыл тұрғындарының бірінің айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Тұрғындар әкімдік өкілдерімен, ауыл азаматтарымен бірге даулы аумаққа барып, жағдайды өз көздерімен көрген.
«Біз мәселені шешу үшін әкімдіктің өкілдері, ауыл азаматтары бірігіп, сол жерге бардық. Барсақ, сол аумақты ені жарты метр, тереңдігі үш метрдей етіп, айналдырып қазып тастапты. Мал түгілі, адам өте алмайды», – дейді Нұртас есімді азамат.
Тұрғынның сөзіне қарағанда, жергілікті халық Қайыршақтыдан алтын өндірмек болған кәсіпкер Сержан ҚОНЫСБАЕВПЕН кездескен. Ол жерді ауылдың екі азаматынан сатып алғанын айтып, «өзіме тиесілі жерде не істесем де, өзім білем» деп бет бақтырмаған. Сонымен қатар аудан басшылығы бұл жағдайдан хабардар екенін алға тартқан. Біз сөзбен айтқанда, «күштінің арты диірмен тартадының» кері.
«Бұл жайылымда бәріміздің жеріміз бар. Енді егін егейік десек, су жоқ. Өйткені кәсіпкер ешкіммен ақылдаспай, өзеннің арнасын бұрып алған. Мұны өзіне айта-айта шаршадық. Бұл мәселеге бүкіл халық болып бірігіп үн қатпаса, мәселе бітпейтін түрі бар. Қазір сусыз отырмыз. Ағып келген судың өзі лай, таза емес. Елдің берекесі кетті. Өзен арнасын әркім бұрып ала берсе, жерді қалай болса солай қаза берсе, мұның зардабын тартамыз. Балаларымыз сонау Арыс өзеніне барып шомылатын болды. Мына суға түсе алмай қалды. Өйткені таза емес. Айтпақшы, жерді бергендер «қаз деп емес, шаруашылыққа арнап бердік» дейді. Сатқан адамдар жердің бетін сатты, қойнауын сатқан жоқ қой. Жарайды, жерді пайдалансын, бірақ судың арнасын байлап, бүтін бір елді зар қақсатуға кімнің қандай қақысы бар?!», – дейді жергілікті тұрғын.
«Үкімет тыңдамаған соң, «Жас Алашқа» жүгіндік»
Ауыл тұрғындарының тағы бірі бұл жағдайды бір ауылдың ғана мәселесі емес, ел бойынша жиілеп бара жатқан құбылыс деп бағалайды. Оның сөзінше, кейінгі уақытта әр өңірде жердің қазба байлығын игеруге келген компаниялар мен жергілікті халық арасында дау көбейген.
«Жалпы кейінгі уақытта елімізде жердің қазба байлығын өз бетімен қазып алып жатқан «бандиттік» топ пайда болған сияқты. Әр өңірде оларға қарсы наразы халық шықты. Біз де осындай мәселеге тап келіп, сіздерді шақыруға мәжбүр болдық», – дейді Мақсат есімді азамат.
Оның айтуынша, тұрғындар бұған дейін де аудан орталығына барып, әкімдік өкілдерімен кездескенде шенеуніктер қазба жұмысты тоқтатуға, техникаларды алып кетуге уәде берген. Бірақ одан бері нақты нәтиже болмаған.
«Аудан шенеуніктері «тоқтатамыз, техникаларын алып кетеміз» деп сөз берген еді. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Заң органдарынан да, әкімшіліктен де көмек ала алмадық. Тіпті жауап та жоқ. Үкімет біздің сөзімізге құлақ аспаған соң, мәселе ушығып, осыған дейін жетті. Сол жайлауда ата-бабамыздың сүйегі жатыр. Тұрғындар тіпті зиратқа да бара алмай қалды. Себебі жеке кәсіпкерлер жердің бәрін қоршап алды. Сөздің ашығы, мынау «рейдерлік іс» сияқты», – дейді Мақсат.
Тұрғындардың сөзінше, ШҚО-дағы Күршім ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. Ол кезде халық бірігіп жүріп жұмысты тоқтатқан. Енді Қайыршақты ауылының тұрғындары да мемлекет басшысы құлағдар болса, мәселе оң шешілуі мүмкін деп үміттенеді.
«Жастар дүрлігіп кетті...»
Ауыл ақсақалдары мен зейнеткерлері де бұл мәселенің ушығып кетуінен қауіптенеді. Жергілікті зейнеткердің айтуынша, жастар жиі жиналып, осы мәселені өз бетімен шешуге тырысып жүр. Ал мұндай жағдайдың соңы күтпеген жанжалға ұласуы мүмкін.
«Қазір малшының өзі айтты, ол суды мал да ішпейді екен. Зияны көп тиіп жатыр. Кәсіпкер барлық құжатын алып келіп көрсетсін. Жастар дүрлігіп кетті. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Ертең жастардың бірі бірдеңеге ұрынып қала ма деп алаңдаймыз», – дейді Темірхан ақсақал.
Ол мәселені аудан басшылығы ушықтырмай, дер кезінде шешуі керек деп есептейді. Ал егер заң бұзылған болса, тиісті орган дереу тоқтатқаны жөн.
«Мәселе ушығып кетсе, жауапкершілікті ешкім алмайды. Сондықтан мұның алдын алған жөн. Алысқа бармай-ақ, осы аудан басшылығы шешсе екен дейміз», – деп уайымын білдірді зейнеткер.
«Су болмаса, ауыл да болмайды»
Ауыл азаматтарының бірі Дәулет те тұрғындардың негізгі талабы – суды қайтару және қазба жұмыстарын тоқтату екенін айтады. Оның сөзінше, ауылдағы 360 үй осы суды пайдаланып келген.
«Басты проблемамыздың бірі – су. Су – тіршілік көзі ғой. Су болмаса, ауыл да болмайды. Егін еге алмай қалдық. Ауылымызда 360 үй сол суды пайдаланып отыр еді. Енді қолымыз байланғандай күй кешіп отырмыз. Бау-бақшамызды суғарудан қалдық. Мәселені оң шешу үшін президенттің пәрмен беруін сұраймыз. Егер жергілікті басшылық бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлмесе, ауылда резонанс туып кетуі мүмкін. Өйткені тұрғындардың бәрі ашынып отыр. Ауыл шаруашылығы мақсатында алған болса, сол мақсатта пайдалансын. Қазып тастаған, бүлдірген жерді қайта көмсін, өтемақысын ауданға төлесін. Жердің қыртысын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ!», – дейді ол.
Тұрғынның айтуына қарағанда, жергілікті халық бұл мәселені екі жылдан бері көтеріп келеді. Аудан әкімдігіне барса, олар облысқа сауал жолдағанын айтады, ал облыстан жауап әлі келмеген. Сондықтан кей кездері тұрғындар мәселені шешеміз деп жиналғанымен құзырлы органдардан жауап болмаған соң тығырыққа тіреліп қалады екен.
«Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман болды ғой бұл. Біздің де қайта-қайта жиналуға мүмкіндігіміз бола бермейді. Әркімнің тіршілігі бар. Бірақ бұл мәселені шешпей болмайды», – дейді ауыл азаматы.
«Жердің игілігін халық көрмейді»
Қайыршақты ауылының тағы бір тұрғыны Дулат өзін шағын кәсіпкер ретінде таныстырды. Ол мал өсірумен айналысатынын, мал бағу үшін жер қажет екенін айтады. Бұған дейін ауыл тұрғындарының малы жайылсын деген уәжбен осы аумақта жүрген кәсіпкерлер көшірілген. Алайда кейін олардың орнына келгендер жерді қазып, қопара бастаған.
«Бұған дейін халыққа жер керек, халықтың малы жайылады деп мына жерге малымызды сыйдырмай, көшіріп жіберген. Біз кеткенімізбен, орнымызға келген кәсіпкерлер жерді қазып жатыр. Оларға аудан деңгейінде рұқсат беріліпті дейді. Өзен арнасын да өзгертіпті. Мұның бәріне рұқсатты қалай алғаны түсініксіз», – дейді жергілікті кәсіпкер.
Оның пікірінше, бұл мәселені аудан деңгейінде шешу қиын. Себебі жер қойнауын пайдалану, лицензия беру, экологиялық рұқсат мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құзырында.
«Бұған аудан басшыларының құзыреті жетпейді. Тек республика деңгейінде араласпаса, мәселе шешілмейтін түрі бар. Бұлай жалғаса берсе, өзеніміз құрып кете ме деп алаңдаймыз. Мұны тоқтату үшін аудан тарапынан хаттама толтырылып, халықты жинап, жиналыс өткізу керек еді. Бірақ ауданнан ондай әрекетті көрмедік. Қазса қаза берсін дегендей, жылы жауып қойды. Біз бұған қарсымыз!», – деп ашынады ауыл тұрғыны.
Арыс ауылдық округіндегі қоғамдық бірлестік мүшесі Мейіржан есімді азамат та алтын барлау мәселесі ушығып кеткенін айтады. Оның сөзінше, халық жиналғанымен, олардың үні жоғарыға жетпей жатыр.
«Ауылдың малы жайылсын деп осы жерден біз де кеткен едік. Орнымызға келген кәсіпкерлердің ісі мынау, халықты әбігерге түсірді. Түптеп келгенде, сол жайылымның игілігін ауыл тұрғындары көрмей отыр. Бұл жер қыстау еді. Енді алтын кеніне айнала ма деп қорқамыз», – дейді ол.
Әкімдік не дейді?
«Жас Алаш» тілшісі Арыс ауылдық округі әкімшілігінің жер маманы Ғани Сыбанбаевпен тілдесті. Оның айтуынша, аудан әкімінің жеке қабылдауында болған тұрғындар бұл мәселені көтерген. Сонымен қатар бұл жағдай аудан әкімінің округ тұрғындарына берген есебінде де айтылған. Содан кейін жергілікті атқамінерлерге даулы жерге барып, зерделеу жұмысын жүргізу тапсырылған. Округ мамандары ауыл ардагерлерімен бірге жайылымға барған.
«Әкімдік бізге даулы жерге барып, тексеру жұмысын жүргізуді тапсырды. Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен бірігіп, округ мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру кезінде алтын өндіріп жатқанын көрмедік. Алайда жерді қазып тастағанын байқадық. Жеке үй сатып алған. Барлық техникасын соның айналасына жинаған», – деді әкімдік қызметкері.
Жер маманының айтуынша, кездесуде кәсіпкер бұл жерді өздеріне тиесілі аумақ деп көрсетіп, рұқсатсыз кіргендерге заң аясында шара қолданатынын айтқан.
«Бізбен кездесуде олар «өзіміздің жер, алтын қазамыз, жеке аумаққа рұқсатсыз кім кірсе де, заң аясында шара қолданамын» деді. Біз мән-жайды аудан әкіміне хат түрінде жолдадық. Әкім осы хатқа сүйеніп, облысқа сауал жолдады. Бірақ хатқа жауап келмеді. Аудан әкімдігіміз облысқа қарап отыр. Себебі әкімдіктің жеке кәсіпкердің құжатын тексеруге құзыреті жүрмейді», – дейді Ғани Сыбанбаев.
Арыс ауылдық округі әкімінің ресми хатында да тұрғындар көтерген мәселе көрсетілген. Онда Қайыршақты ауылына баратын жолды алтын қазатындар жауып тастағаны, тұрғындардың жолдан өтуіне кедергі болғаны және Қайыршақты өзенінің бойы қазылып жатқаны айтылған. Әкімдік өкілдері оқиға орнына барған кезде жабылған жол ашылғанын, бірақ Сержан Қонысбаевтың қорасы маңында техника мен термобудкалар тұрғанын, 400-500 метр жерді канал тәрізді терең ор етіп қазып жатқанын анықтаған. Ресми хатта Қонысбаевтың өзіне тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 25-30 гектар жерді толық қоршап, қазба жұмыстарын жүргізетінін айтқаны да жазылған.
«Лицензияны министрлік берген»
Халық жиналғанын естіген соң, ауылға Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай келді. Біз одан да мәселенің мән-жайын сұрадық. Ғани Құрманбай аудан шенділері бұл жағдайдан хабардар екенін алға тартты. Оның сөзінше, қазба жұмыстарын жүргізген екі компания министрліктен рұқсат алған.
«Иә, аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен Aurum Mining және «Кен-Өзен» компаниялары 6 жылға кен барлауға лицензия алған. Кейін 31 жеке тұлғаның 794 гектар жеріне барлау жүргізуге келіскен», – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Дегенмен Ғани Құрманбай дәл осы жағдай бойынша Арыс ауылдық округі тұрғындарымен қоғамдық тыңдау болмағанын айтты. Оның сөзінше, тұрғындардан түскен хат бойынша әкімдік заң аясында жұмыс істейді, ал барлау жұмыстарының заңды немесе заңсыз екенін құзырлы органдар тексеріп, шешім шығаруы керек.
«Компанияның рұқсаты болған күннің өзінде де қоғамдық тыңдау болуы маңызды. Яғни халықтан рұқсат алу қажет. Мысалы, өткенде алюминий барлау жұмысы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Халық оның ашылуына қарсы болды, «қарсымыз» деп жазып берді. Мына жағдайға келер болсақ, компанияның лицензиясы көрші ауылдың жеріне алынған. Қайыршақты ауылына қатысы жоқ. Енді алдағы уақытта қоғамдық тыңдау бола қалған күннің өзінде халық алтын кенінің ашылуына қарсы болса да, аудан әкімдігінің кен орнын жабуға құқығы жоқ. Оны министрлік шешеді», – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Алтын қазып жатқан қандай компания?
Біздің зерттеуімізше, Түлкібас ауданындағы дау ортасында жүрген «Кен-Өзен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023 жылғы 9 маусымда мемлекеттік тіркеуден өткен. Компания Түркістан облысы Түлкібас ауданы Жаскешу ауылында тіркелген. Ашық дереккөздерге сәйкес, серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы әрі директоры – Сержан Қонысбаев. Яғни компанияны басқару да, меншік құқығы да бір адамның қолында. Негізгі қызмет бағыты ретінде «тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру» деп көрсетілген. Компанияда бес адам жұмыс істейтіні көрсетілген.
Қаржылық көрсеткіштеріне келсек, ашық деректер бойынша 2026 жылғы болжамды жылдық айналымы – 3,6 млн теңге шамасында. Мемлекетке аударған салық төлемдерінің жалпы көлемі – шамамен 545 мың теңге.
«Жас Алаш» тілшісі «Кен-Өзен» компаниясының басшысы Сержан Қонысбаевпен де тілдесті. Біз оған тұрғындардың шағымын жеткіздік. Кәсіпкер бізбен кездескісі келетінін, барлық мәселені кездескенде айтып беретінін жеткізді.
Халық қай есікті қағуы керек?
Қайыршақты тұрғындары кездесу соңында Jas Alash YouTube-арнасы арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Олар мемлекет басшысының Жолдауларында жиі айтылатын «еститін үкімет» Қайыршақтыға жетпегенін айтып налиды.
«Жас Алаш» бұл тақырыпты өз бақылауында ұстайды. Сондай-ақ Түркістан облыстық әкімдігіне, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне аталған мәселе бойынша ресми сауал да жолдайды.
Тұрсынбек БАШАР