Әлеумет

Қайрат Боранбаев Лондондағы сарайын қазақстандық кәсіпкердің жұбайына сатты

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев Ұлыбританиядағы Вирджиния-Уотер елді мекенінде орналасқан екі зәулім үйінің бірін сатып жіберді. Ұлыбританияның жылжымайтын мүлік тізіліміндегі мәліметке сәйкес, жаңа иесі – Қазақстанда туған, Ұлыбританияда тұратын Мира Анафина.

Фото: Выход к морю телеграм арнасы

Бұл туралы Выход к морю телеграм арнасы жазды.

Мира Анафинаның жұбайы Азат Әбішев – бұрынғы вице-премьер Сауат Мыңбаевтың, банкирлер Асқар Алшынбаевтың, Евгений Фельдтің және Нұржан Сұбханбердиннің іскер серіктесі. Олар бірге Қазақстан тарихындағы ең ірі офшорлық желілердің бірі саналатын Meridian Capital холдингін құрған.

Боранбаев бұл үйді 2016 жылы сатып алған. Құжаттарда оның құны 1 миллион фунт стерлингтен асатыны ғана көрсетілген. Сарапшылардың бағалауынша, құрылысқа қойылған шектеулер алынғаннан кейін бұл нысанның құны 10–15 миллион фунт стерлингке дейін өскен. Мира Анафинаның бұл үй үшін нақты қанша төлегені жарияланбаған.

Вирджиния-Уотер – Ұлыбританиядағы ең қымбат әрі беделді аудандардың бірі. Мұнда танымал тележүргізуші Кристин Галлахер, әнші Клифф Ричард, McLaren Group компаниясының негізін қалаушы Рон Деннис, ресейлік миллиардер Петр Авен, марқұм кәсіпкер Борис Березовский және музыкант Элтон Джон сияқты тұлғалар тұрған немесе әлі де тұрады.

Сондай-ақ осы ауданда бұрын Чилидің экс-диктаторы Аугусто Пиночет үйқамақта болған.

Еске салсақ, 2022 жылдың көктемінде, Қаңтар оқиғасынан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевты ұстаған болатын. Кейін сот оны 14,5 млрд теңге жымқырды деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Кейін жаза мерзімі 6 жылға қысқартылып, кәсіпкер мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Қамауда болған кезде Боранбаев Чехиядағы спорт кешенін сатып жіберген. Ал Мәскеу маңындағы «Газпром» кентіндегі үйін алаяқтар оның рұқсатынсыз сатуға әрекеттенгенімен, мәміле жүзеге аспаған.

Құжаттарға сәйкес, Вирджиния-Уотердегі үйдің меншік құқығы 2024 жылдың соңында Мира Анафинаға өткен.

Мәміледен кейін Қайрат Боранбаевтың Вирджиния-Уотерде тағы бір зәулім үйі қалды. Оның тұрғын аумағы 2 мың шаршы метрді құрайды. Үйде кинотеатр, бассейн, шарап қоймасы, спортзал, сауна және спорт алаңы бар. Бұл резиденцияның құны шамамен 25,5 миллион фунт стерлинг деп бағаланады.

Сонымен қатар, Боранбаевтың Лондонда да элиталық тұрғын үй кешеніндегі қымбат пәтері бар. Оның құны шамамен 155 миллион фунт стерлинг деп көрсетілген.

Сайт Әкімшілігі