Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы бұрынғы қонақүйі 8,45 млрд теңгеге бағаланды
Алматыдағы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған бұрынғы қонақүй кешені мен оған іргелес жер телімінің жалпы құны 8,45 млрд теңге деп бағаланды. Бұл туралы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ақпарат құралдарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Нысан мен жер учаскесі Алматы әкімдігінің 2026 жылғы 7 сәуірдегі қаулысы негізінде қалалық мемлекеттік активтер басқармасынан «Алматы» ӘКК-не берілген. Бағалау нәтижесінде қонақүй кешенінің құны 7,76 млрд теңге, ал жер телімі 691,4 млн теңге болды. Ғимаратты бұзу жоспарланып отырған жоқ. Техникалық тексеруден кейін нысанда қасбетін, терезелерін, ішкі бөлмелерін және айналасын жаңартуға бағытталған күрделі жөндеу жұмыстары басталған.
Жөндеу шығынын LeanQor ЖШС өз қаражаты есебінен өтейді. Инвестицияның нақты көлемі жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін белгілі болады.
Жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың бірінші-екінші тоқсандарында аяқтау жоспарланған. Одан кейін ғимарат Алматы қаласының цифрландыру басқармасына беріліп, мұнда цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустрия бағыттарындағы Алматы IT-хабы орналасады.