Кейіпкер

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, дінтанушы: Уағыз айтатындарға лицензия беру мәселесін қолға алған абзал

Айта-айта жауыр болған мәселе ғой бұл. Негізі заң жұмыс істесе, осындай өрескелдіктің бәрінің алдын алуға болады. Біріншіден, бұл – Діни басқарманың маманы немесе имамы емес, дінді өз бетімен үйренген, әсіресе салафи бағыттағы уағызды көп тыңдаған адамның сөзі, ұстанымы.

Фото: Facebook/Kairat Zholdybaiuly Mambetbay

Екіншіден, бізде уағыз айтуды реттейтін арнайы заң бар. Сол бойынша мешіттен, яғни ресми тіркелген ғибадатханадан бөлек жерде уағыз айтылмауы тиіс. Осы заң бойынша белгіленген норма жұмыс істесе, мұның алдын алып, жол бермеуге болар еді.

Үшіншіден, ән айтуға тыйым салу туралы әңгіме сәлафилердің елімізде кең етек алуы салдарынан өзекті тақырыпқа айналып кетті. Біз дұрыс музыканың, ұлттық аспап – домбыраның, адамды есіртпейтін, жаманшылыққа тартпайтын әуеннің болатынын кеңінен насихаттауға тырыстық. Мұны өзімнің «Дін мен діл» кітабымда аяттар мен хадистердегі музыкаға қатысты деген бүкіл үкімді егжей-тегжейлі түсіндіруге тырыстым.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ән, музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әртүрлі болуына байланысты ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді бірі адамға пайдалысы адал, ал зияндысы харам деп пәтуа берген. «Лұқман» сүресінің 6-аятында: «Адамдардың арасында ешбір дәлелге сүйеніп, білімге жүгінбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын немесе ақиқатпен айырбастайтын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады», – делінген. Кейбір ғалымдар «ләһуал-хадис» сөзін Ибн Аббас сияқты кейбір сахабалардың «ән» деп тәпсірлегенін негізге алғандықтан музыканың харамдығын білдіретін дәлелдің қатарында қолдануға тырысқан. Алайда бұл аят жалпылай барлық музыканың харамдығына дәлел бола алмайды. Себебі тәпсіршілердің бәрі бірдей «ләһуал-хадис» сөзін тек қана «ән» деп тәпсірлемеген. Ал егер музыканы адамдарды адастыру үшін, дінді келеке ету мақсатында қолданса, ондай музыканың харамдығында еш шүбә жоқ. Тек айтпағым, ән мен әуендердің жалпы адамгершілік қағидалары мен дініміздің ереже шеңберінен шықпауына көңіл бөлу керек. Қазақтың дәстүрлі әндері мен әуендерінің дін қағидаларына қайшы емес екені, қазақ болмысының мұсылманшылыққа сай екенін меңзесе керек.

Кезінде Діни басқармада жұмыс істеп жүргенде арнайы мәнді-мағыналы өлеңдердің мүшәйрасын жарияладық. Оны әншілерге орындатып, үлкен сахнаға алып шықтық. Біз өз мүмкіндігімізше дұрыс музыканың болатынын насихаттап, солай қарсы тұрдық. Менің ойымша, болашақта заң дұрыс жұмыс істеу керек.

Екінші, музыканың ара-жігін ажыратып, көбірек насихаттау қажет. Сосын уағыз айтудың тәртібі, әдебі деген дүниені көбі ескере бермейді. Біреуді кемсіту, балағаттау, міндетсу немесе қатал сөз айтып, «тозаққа жіберу» – мұның бәрі дінді, уағыз айтуды білмеудің кері әрекеті. Бұған дейін уағыз айтатындарға лицензия беру мәселесі көтерілді. Меніңше, соны қайтадан қолға алған абзал. Әлеуметтік желіде, тойда кез келген адам өзінің шала оқып, тыңдаған, шала түсінген дүниесін елге ақыл ретінде тықпаламауы тиіс.

Сайт Әкімшілігі